Қазақстандағы шетелдік инвестицияларды құқықтық реттеу жұмыстары
2009 жылдың 17 мамырында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойы аясында «Шетелдік инвестиция мен экологиялық құқықтың ара қатынасы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. «Фольксваген» қорының қаржыландыруымен «Әзербайжан, Қазақстан, Ресейдегі инвестициялау құқығы: көзқарастар тепе-теңділігі» атты жобаның аясында өткізіліп отырған шараның ұйымдастырушылары - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (Қазақстан), Христиан Альбрехт атындағы Киль университеті (Германия), Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік басқару академиясы (Әзербайжан), Ресей ғылым академиясының мемлекет және құқық институты (Ресей).
Аталмыш жиынның басты мақсаты инвестиция мен экологиялық құқықтың ара қатынасы мен Қазақстандағы шетелдік инвестицияларды құқықтық реттеу жұмыстарын жүзеге асыру (халықаралық келісім-шарттар және мемлекет ішіндегі реттеу жұмыстары), шетелдік инвестиция мен экологиялық құқық саласының мамандарына пікір алмасуға мүмкіндік беру.
Қазіргі таңда Орта Азияға бөлінетін инвестицияның 80 пайызы Қазақстан еншісінде. Сондықтан аталмыш конференцияның Қазақстан үшін маңызы зор.
Конференцияда шетелдік инвестициялардың нәтижелері, мазмұны мен пішініне қарай жаһандану үдерісіндегі шетелдік инвестиция мен экологиялық құқықтың ара қатынасы, инвестициялық таласта экологиялық құқықтың ұлттық және халықаралық нормаларын ұстану, табиғат тазалығын сақтау, экологиялық құқықта халықаралық инвстициялық құқытың «тең және әділеттілік» критерийлерін қолдану, инвестициялық жобаларды экологиялық тексерістен өткізу, белгілі бір компанияның қоршаған ортаға зиян тигізгені үшін айыппұл төлеу, жауап беру, келісім-шарттармен жұмыс істеу, мемлекет құптаған инвестициялық жобаларды қорғау тақырыптары қарастырылды.
Конференцияда профессор Александр Трунк (Киль университет Шығыс Еуропа мемлекеттерінің құқық институты, Германия); профессор Махулена Хофманн (Гиссен университеті, Германия); Бернаскони Остервальде (IISD, Женева), профессор Букхард Брайг (Берлиннің Тәуелсіз Университеті); арбитр Софи Напперт (Grays Inn, Лондон); профессор М. Гайстлингер (Зальцбург университеті); профессор Дмитрий Лабин (ММИХҚ, Ресей); Жеке құқық институтының профессоры, з.ғ.д. Майдан Сүлейменов (Алматы) баяндама жасады.
Конференцияның ашылу салтанатында сөз кезегін алған Алматыдағы Германияның атқарушы елшісі Ганс Юрган Каильхольц: «1993 жылдан бастап Германия Орта Азия мен Қазақстанға 23 миллиард доллар қаржы бөлді. Біз ҚР-дың уақытша азаматтары бола тұрып, пайда түсіру үшін қаржы бөліп қойғанымыз аз, экожүйе мәселесін де ойлауымыз керек. Мұнай қалдықтарының кен орындарында өртеніп, Каспий теңізіне төгілуі қоршаған ортаға үлкен залал келтіріп жатқандығын білеміз. Сондықтан осы бір күрделі мәселенің басын шешу үшін аталмыш жиында бас қосып отырмыз. Қазақстан инвесторларға экологиялық қауіпсіздікке қатысты бірқатар шарттарды қабылдап қойған. Бұл аталмыш мемлекетке деген құрметпен қараудың кепілі. Сондықтан қазақ елімен ара қатынасымыз әрі қарай жалғасып, жемісті еңбек ететіндігімізге сенімдімін», - деп қорытындылады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі