Ректор мен студенттер ортақ мәселені шешу үшін бас қосты
Таяуда Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры студенттермен жүздесті. жөнінде бір ай бұрын айтылып қойғандықтан ректор мен студенттер кездесуге аса мән қойып дайындалды. Осыдан бір жыл бұрын мамыр айында өткен жиында ректор студенттермен бірінші рет бас қосып, тілек-талаптарын ескерген болатын. Сондықтан аталмыш жиын ректордың бір жыл ішінде жасалған жұмысының есебі десек те болады. Былтырғы жиыннан кейін университеттің Жастар комитеті мекемесі «Ректорға сауалыңды қой!» ұранымен бірнеше акцияларды өткізді. Осы кездесуге арналған сауалдарды студенттер бір ай бұрын университет сайты мен ректордың жеке «электронкасына» жіберді.
Сарайға жастар қауымы лық толды. Ректор да қамқорлығындағы студенттерді жақын тартатындығын жасырмай, жастарды мазалап жүрген мәселелерді білу үшін еркін әңгімеге тартқан болатын. Жиналған студенттердің саны екі мыңнан асты, қатысушылардың басым бөлігін университет студенттерінің қоғамдық бірлестігі, студенттердің өзін-өзі басқару, студенттер кәсіподағы, студенттер жатақханасының кеңесі құрады.
Биылғы университет басшылығы мен студенттердің кездесуі жаңа пішінде өтті. Бақытжан Жұмағұлов студенттер назарына қазіргі заман талаптарына жауап беретін мемлекеттегі ірі жоғары оқу ордасының тәрбие жұмыстарын жетілдіру мәселесін талқылауды ұсынды. Тәрбие жұмысы бүгінгі таңда өзекті проблеманың бірі, сондықтан оны шешу үшін университет әкімшілігі мен жастар қауымы бірігіп жұмыс істеу керек деді өз сөзінде Бақытжан Жұмағұлов.
ҚазҰУ ректоры алғы сөзін ҚР Президентінің ұлттық университетке қойған бірінші талабы - бәсекеге қабілетті және жоғары білікті мамандарды дайындаудан бастап, университеттің тәрбие жұмысы базасының міндеттеріне ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Оның стратегиялық бағыттарын анықтады: білім беру үдерісінің барынша тиімділігін пайдалану, білім беру жұмысы және ғылыми зерттеулерді біріктіру, студенттердің өзін-өзі басқару жұмыстарын дамыту, патриоттық және ынтымақтастық нақышта тәрбие беру.
Сонымен қатар университет басшысы кредиттік технологияларды меңгерудегі қиындықтарды, эдвайзерлік жұмысты жетілдіру, студенттерді ғылыми жұмыстарға қатыстыру, студенттердің өзін-өзі басқару жұмыстарын жаңарту, дәстүрлі студенттердің құрылыс отрядтарын жаңғырту, діни экстремизмнің таралуына жол бермеу мәселелерін де атап кетті. Студенттер қауымы өз кезегінде ректордың бұл ұсынысын құптады. Сонымен қатар Бақытжан Жұмағұлов ұлттық университеттің патриоты болуға, «ҚазМУ-дың» (ҚазҰУ) бұрынғы беделін жаңғыртуға бірлесе атсалысуға шақырды.
Кездесудің «сұрақ-жауап» бөлімінде ректор бір жыл бұрынғы кездесуде қойылған сұрақтарға толығымен жауап берді. Атап айтсақ, жатақханалар мен асханалардың жұмысы жүйеленді, студенттер қалашығының көп бөлігін жарықпен қамтамасыздандырды, жатақханаларға желісіз Wi-Fi жүйесі жалғанған болатын. Жиналған сауалдардың көп бөлігіне жауап бере отырып, соның ішінде студенттерді мазалап жүрген ең өзекті деген мәселелер қарастырылды. Студенттер тарапынан университет бітірушілерінің балын ұйымдастыру және қалашық жолдарының жайлы болуын қамтамасыздандыру, т.б. ұсыныстар жасалды. Кездесуге келген университет проректорлары мен бөлім жетекшілерінің қатысуын пайдаланып ректор күн тәртібінде тұрған сауалдардың біраз бөлігін сол жерде шешуге тырысты. Мәселен, ректор жаңа оқу жылынан бастап ауыл аймақта тұратын студенттерге Жаңа жылды отбасымен бірге қарсы алатын мүмкіндіктері болу үшін қысқы емтихандардың мерзімін өзгертетіндігін мәлімдеді.
Жиын барысында студенттер кездесуден алған әсерлерімен бөлісті. «Маған университет басшылығының студенттер қауымына көрсетіп отырған қамқорлығы мен ақпейілділігі қатты ұнады. Университет әкімшілігі жастар тілектеріне құлақ асатындығына көзім жетті. Мұндай басшылықпен мәселенің басын ашуға болады», - деді өз сөзінде Студенттер сенатының төрайымы Ғайни Серім.
Кездесу жөнінде толық мағлұматты «ҚазАқпарат» агенттігінің сайты (www.inform.kz 1 маусым 2009 ж., 11:20) мен «Айқын» газетінде (3 маусым 2009 ж.) шыққан жарияланымдардан оқи аласыздар.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі