ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтановқа француздық кавалер ордені атағы берілді

13 мамыр, 2013

Білім саласындағы еңбегі, Қазастан-Француз университетік және ғылыми әріптестіктің дамуына қосқан үлесі үшін ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановқа Пальма бұтағы академиялық орденінің кавалері наградасы берілді. Франция Республикасы премьер-министрі атынан Алматы қаласындағы Франция Елшілігінің Бас консулы Гийом Наржоле табыс етті.


Марапаттай отырып француздық дипломат Ғ. Мұтановтың ғылыми ізденісің, жетістіктері мен динамизмін атап өтті. «Ғ. Мұтановты халықаралық деңгейде тек танымал ғалым ретінде ғана емес, сондай-ақ, ірі менеджер-маман, жоғары мектепті ұйымдастырушы әрі жаңашыл тұлға ретінде де біледі. ҚазҰУ ректоры әлемдік ғылым-білім беру саласына көп үлес қосып келеді. Оның басшылығымен IGIP Халықаралық инженерлік педагогика қоғамы Орталық Азия бөлімшесі, KazSEE қазақстандық инженерлік білім беру қоғамы, Қазақстанның Ұлттық жоғары мектеп академиясы да нәтиелі жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, ректор UNESCO білім берудегі ақпараттық технологиялар институтының Басқарушылар Кеңесінің мүшесі екенін де атап кету керек», - деді өз сөзінде Бас консул Гийом Наржоле.

Қазақстандық университет ректоры француздық қонақтарын өз жұмысына берген жоғары бағалары мен марапаттауларына ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы ғылым, білім саласындағы байланыс, әріптестік әрі қарай арта түседі деген ойын айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Францияның 10 жетекші оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Солардың бірі - Роберт Шауман атындағы университет, Лотарингия политехникалық университет, Лион катализ және қоршаған орта институтымен және т.б. оқу орындарымен байланыс орнатылған. Жыл сайын ҚазҰУ-дың оқытушылары мен студенттері осы университеттерде тәжірибеден өтіп, ғылыми семинар, конференцияларға қатысады, шетелдік әріптестерімен бірлескен жобалар жүргізеді. Францияның үздік профессорлары ҚазҰУ-ға келіп өз дәрістерін оқиды, PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік жасайды.

ҚазҰУ базасында «Геоэнергетика» Қазақстан-Француздық ғылыми-білім беру орталығы құрылған. Бұл оқу орталығы магистратура және докторантура бойынша студенттерді дайындап, геология және энергетикалық ресурстар саласында қос диплом алуға мүмкіндік береді.

Францияның ең байырғы наградаларының бірі саналатын Пальма бұтағы академиялық ордені 1808 жылы бекітілген. Орден Францияның ұлттық ғылым-білім кеңістігінде жетістікті бағындырған азаматтарына, сонымен қатар, ғылым мен білімді дамытуға елеулі үлес қосқан шетелдік азаматтарға беріледі.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі