"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

14 мамыр, 2013

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтановқа Франция орденінің кавалері атағы берілді

АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат - Білім саласындағы еңбегі, Қазақстан-Француз университеттік және ғылыми әріптестіктің дамуына қосқан үлесі үшін ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановқа Академиялық пальма бұтағы орденінің кавалері атағы берілді.

Награданы Франция Республикасының премьер-министрі атынан Алматыда орналасқан Франция Елшілігінің Бас консулы Гийом Наржоле табыс етті.

Марапатты табыстай отырып француздық дипломат Ғ. Мұтановтың ғылыми қызығушылығын және жетістіктерін атап өтті. «Ғ. Мұтановты халықаралық деңгейде танымал ғалым ретінде ғана емес, сондай-ақ ірі менеджер-маман, жоғары мектепті ұйымдастырушы әрі жаңашыл тұлға ретінде де біледі. ҚазҰУ ректоры әлемдік ғылым-білім беру саласына көп үлес қосып келеді. Оның басшылығымен IGIP Халықаралық инженерлік педагогика қоғамы Орталық Азия бөлімшесі, KazSEE қазақстандық инженерлік білім беру қоғамы, Қазақстанның Ұлттық жоғары мектеп академиясы да нәтижелі жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, ректор UNESCO білім берудегі ақпараттық технологиялар институтының Басқарушылар кеңесінің мүшесі екенін де атап кету керек», - деді Гийом Наржоле.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Францияның 10 жетекші оқу орнымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Солардың бірі - Роберт Шауман атындағы университет, Лотарингия политехникалық университеті, Лион катализ және қоршаған орта институты және т.б. Жыл сайын ҚазҰУ-дың оқытушылары мен студенттері осы университеттерде тәжірибеден өтіп, ғылыми семинар, конференцияларға қатысады, шетелдік әріптестерімен бірлескен жобалар жүргізеді. Францияның үздік профессорлары ҚазҰУ-ға келіп өз дәрістерін оқиды, PhD докторанттарға ғылыми жетекшілік жасайды.

ҚазҰУ базасында «Геоэнергетика» Қазақстан-Француз ғылыми-білім беру орталығы құрылған. Бұл оқу орталығы магистратура және докторантура бойынша студенттерді дайындап, геология және энергетикалық ресурстар саласында қос диплом алуға мүмкіндік береді.

Францияның ең байырғы наградаларының бірі саналатын Академиялық пальма бұтағы ордені 1808 жылы бекітілген. Орден Францияның ұлттық ғылым-білім кеңістігінде жетістікті бағындырған азаматтарына, сонымен қатар ғылым мен білімді дамытуға елеулі үлес қосқан шетелдік азаматтарға беріледі.