Тарихқа тереңірек үңілсек

14 мамыр, 2013

14 мамырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінде «Қазақстандағы поляктар тарихы» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің жұмысына министр Витольд Грабось пен Қазақстандағы поляктардың тарихын және генерал В. Андерстің Поляк Армиясын КСРО-дан эвакуация мәселесін зерттеуші, профессор Стэфан Пастушка, Польшаның Алматыдағы Бас консулы Веслав Осуховский, Вице-консул Брачишевский Даниэль мен Астанадағы Польша елшілігінің Атташесі, сонымен қатар ҚР белгілі тарихшы ғалымдары, факультет декандары, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері қатысты.

«Жастар болашақтың қалай қалыптасқанын білу керек. Екі ел тарихы тығыз байланысты, ортақ оқиғалар көп. Бүгінгі дөңгелек үстел барысында сұрақ-жауаптар арқылы тақырыпты кеңінен талқылауға дайынмын» - деді Веслав Осуховский.

Қазақстан мен Польшаны екі халықтың ортақ тарихи тағдыры біріктірген. ХІХ ғасырда Қазақстанға жер аударылған поляк революционерлері алғашқылардың бірі болып қазақ халқының мәдениеті мен рухани байлығына үлкен баға берген болатын. Тағдыр тәлкегімен Қазақстанға жер аударылған поляктар қазақ халқының тарихы мен дәстүрін сезініп, қазақтың музыка мәдениеті, салт-дәстүрлері, архитектура мен құқықтық жүйе туралы баға жетпес еңбектер қалдырды. Қиын-қыстау кезде ұлт, дін айырмашылығына қарамастан бір-біріне қол ұшын беріп, түскен қайғы-қасіретке ортақтаса білуі бостандықты аңсаған қазақ пен поляк халықтарының жақындаса түсуіне септігін тигізді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан аумағында Поляк әскери құрылымдар жасақталды.

Дөңгелек үстел Қазақстандағы поляктар тарихын зерттеуде ғылыми байланысты күшейту және бірлесіп зерттеу жұмыстарының негізгі тақырыптарын анықтау, халықтар достығы мен толеранттықты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Тарих, археология және этнология факультеті