- Басты бет
- Жаңалықтар
- Нобель иегерлері Эрвин Неерге және Джеймс Миррлиске ҚазҰУ-дың Құрметті докторы атағы берілді
Нобель иегерлері Эрвин Неерге және Джеймс Миррлиске ҚазҰУ-дың Құрметті докторы атағы берілді
Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да биофизика саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Эрвин Неер және экономист Джеймс Александр Миррлис дәріс оқыды. Кездесуде ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов мәртебелі қонақтарға алғысын жеткізіп, оқытушылар мен студенттерді ғалымдардың өмірбаянымен және ғылыми жетістіктерімен таныстырды.
«ҚазҰУ-да Нобель сыйлығы иегерлерімен кездесу өткізу игі дәстүрге айналып отыр. Бұл студенттер мен оқытушылар қауымына ғылыми қызметті насихаттауға сондай-ақ, университеттің халықаралық байланысын нығайтуға негізделген. Өткен жылы осы бағытта экономист Джон Форбс Нэш және Кристофер Писсаридес, сонымен бірге физик Мюррей Гелл-Манн келіп, өздерінің еңбек жолдарындағы ғылыми ізденістерімен, көпжылдар жүргізген зерттеулерімен бөліскен болатын», - деп атап өтті ҚазҰУ ректоры. Бұл дәріске он-лайн режимде Атырау және Петропавл жоғары оқу орындары да қатысты.
Танымал тұлғалардың дәрісін тыңдауға химия және химиялық технологиялар, биология және биотехнология, халықаралық қатынастар факультеттерінің, экономика және бизнес жоғары мектебінің студенттері мен оқытушылары және шет тілдер кафедралары мен т.б. қатысты.
Дәріс барысында қатысушылар өз сұрақтарына танымал ғалымдар тарапынан тыңғылықты жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Көбіне тыңдармандарды әлемдік қаржы дағдарысы, жұмыссыздық, қаржы саласы, сонымен қатар биомедицина саласындағы ғылыми зерттеулер, адам әлеуеті сырларының ашылмаған қырлары жайындағы сұрақтар қызықтырды. Нобель сыйлығының иегерлері өздерінің сыйлыққа ие болған ғылым зерттеу жұмыстарына да кеңінен тоқталды.
ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесінің шешімімен шетелдік қонақтарға ғылым мен білім саласындағы елеулі үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құрметті докторы» атағы берілді. ҚазҰУ ректоры оларға диплом мен мантия табыс етті.
Шара соңында атақты ғалымдар студенттерге ғылым жолына жасалатын алғашқы қадам жайында ой тарқатты. «Өзіңнің ғылым жолында жетістікке жету үшін білгір, еңбекқор және қайсар болуың керек. Қандайда бір идея туындаса, сол бастамамен толықтай жұмыс істеу керек. Күтпеген нәтижелерге де дайын болған дұрыс. Бір орында ғана тұрақтамай, қоршаған ортаны жаңаша танып, жаңаша пайымдауға ерінбеу керек», - дейді Э. Неер.
Сондай-ақ, Нобель иегерлері ҚазҰУ мұражайын аралап, университет тарихымен, экспонаттармен танысып, құрметті қонақтар кітабына жылы лебіздерін жазып қалдырды.
21 мамырда ҚазҰУ-да америкалық астрофизик, Нобель сыйлығының иегері, ІІІ Джордж Фицжеральд Смуттың дәрісі өтеді.
Анықтама:
Неміс биофизигі Эрвин Неер 1944 жылы 20 наурызда Ландсберг-Лех қаласында дүниеге келген. Физиканы Мюнхен техникалық университетінде 1963 жылдан 1699 жылға дейінгі аралықта меңгерген. Потенциальдың локальді фиксациясының әдістемесін жасады.
Шотландық экономист Джеймс Александр Миррлис 1936 жылы 5 шілдеде Миннигэфф қаласында дүниеге келген. Эдинбург және Кембридж университеттерінде білім алып, доктор атағын иеленген. Кембридж және Оксфорд университеттерінде оқытушылық еткен. Эконометрикалық қоғамның президенті (1982 ж.), Халықаралық атлантикалық экономикалық қоғамының президенті (1988-1989 ж.ж.). 1996 жылы Нобель сыйлығын иеленген.
Америкалық астрофизик және ғарыштанушы Джордж Фицджеральд Смут үшінші 1945 жылы 20 ақпанда Флорида штатының Юкон қаласында дүниеге келген. Берклидегі Калифорния университетінің физика саласы бойынша профессоры. Оның еңбектері үлкен сілкініс әкелген. Физика саласы бойынша 2006 жылы Нобель сыйлығын иеленген.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі