25 мамыр күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жалпыуниверситеттік деңгейде Түлектер күні өтті. Жыл сайын «ҚазҰУ түлектерінің күні» мамыр айының соңғы сенбісінде тойланады.
Биылғы түлектер әл-Фараби және Ө.А.Жолдасбеков ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына жиналып, Түлектер күнінің салтанатты ашылуында бас қосты. Бұл мейрам «Гаудеамус» студенттер гимнің орындалуынан басталды. ҚазҰУ-дың даму тарихы – бұл отандық университеттің ғылыми білім ортасын қалыптастыру жолы, жоғары білім мен жаңа даму формасын іздеу жүйесіндегі және қоғам өміріндегі көшбасшылық дәстүр. Осы орайда, оқу орнының жектен жетістіктеріне арналған бейнефильм көрсетілді.
«Бүгінгі түлектер күніне қош келдіңіздер. Түлектерге қарап, ЖОО-ның деңгейі анықталады. Біздің түлектер мәдениетті, бәсекеге қабілетті. Біздің қарашаңырақ ҚазҰУ-дың бүгінгі түлегі сіздерге қарап бой түзейді. Ұрпақ сабақтастығы деген осы. Біз бүгін білікті азаматтар даярлаудамыз. Жыл сайын осы күнді арнайы Түлектер күні деп атап өтеміз. Келемін деген түлектерімізге есіміз ашық. Біздің ұжым сіздер мақтан тұтатындай болуға лайық әрі жоғарыдан көрінуге тырысып, ізденіс үстінде жүреді», - деді құттықтау сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов. Университеттің дамуы мен гүлденуіне өз үлесін қосып, демеушілік көрсетіп жүрген ҚазҰУ түлектері университет ректорының құрмет грамотасымен марапатталды.
Университетте білім алып, түлеп ұшқан мамандар қазіргі таңда Қазақстанның дамуына елеулі еңбек үлесін қосып келеді. Жас түлек аға буын артынан еріп, тәжірибе жинау арқылы биік белеске ұмтылады. Биыл оқу бітіргендеріне 15, 20, 30 жыл толып отырған түлектер бас қосып, өздері білім алған факультеттерінің үздік студенттеріне арнайы шәкіртақылар тағайындап, сый-сияпат жасады. Олар ҚР БжҒМ география институтының директоры, география факультетінің 1977 жылғы түлегі М. Ахметқалды, 20 жылдық кездесуге келген журналистика факультетінің 1993 жылғы түлектері, «Атамұра» корпорациясының президенті, философия факультетінің 1994 жылғы түлегі Р. Құл-Мұхамед, халықаралық қатынастар факультетінің 1995 жылғы түлегі Ж. Баймұхамедов және т.б. түлектер үздік студенттерге ақшалай шәкіртақы табыс етті.
Қарашаңырақ ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультенің 1952 жылы бітірген түлегі, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Иса Байтулин «жақсы оқыңдар, ел өркендеуіне үлкен үлес қосыңдар» деген жастарға өз тілегін айтып, құттықтады.
Сонымен бірге, оқу озаттары, үздік спорт шеберлері мен белсенді зерттеуші, белсенді азаматтық ұстанымы үшін, үздік өнерпаздар, үздік бітіруші топ студенттері марапатталды. Осы орайда қуанышты күні жыл бойына жүргізілген университеттік «Үздік студенттік топ» байқауының жеңімпаздары белгілі болды. 1-орын «Астана күні» мерекесіне орай Астана қаласына аралған жолдаманы физика-техникалық факультетінің радиотехника электроника және телекоммуникация (РЭТ) 229 тобы иеленді. 2-орын Ыстықкөл жағалауындағы спорттық-сауықтыру кешеніне арналған жолдаманы химия және химиялық технологиялар факультетінің ОЗХТ-204 тобы, 3-орын Есік көліне саяхат жолдамасы тарих, археология және этнология факультетінің Кітап ісі-01К тобы мен филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің «КФ-1» тобына берілді.
Түлектер білім алған факультет тынысымен танысу үшін жеке бағдарламалар бойынша университет факультеттерінде кездесу ұйымдастырылды.
«Гүлдер» би ансамблі, әнші Бахтияр Тайлақбаев пен «Денар» тобы би мен әннен шашу шашты. Кеш соңында әл-Фараби кітапханасында алғаш рет Түлектер балы болып, жиналған қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі