"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

31 мамыр, 2013

Түлектердің «Қолтаңбасы» бар

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті туралы ел арасында әдемі әзіл, қызықты әңгімелер жиі айтылады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті туралы ел арасында әдемі әзіл, қызықты әңгімелер жиі айтылады. Жыл сайын аталмыш факультетті бітірген түлектер 20, 30 жылдығын тойлап, романтикаға толы студенттік шақты еске алып, әдемі кеш ұйымдастырады. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Журналистика факультетін 1993 жылы тәмамдаған кешегі студент, бүгінгі ел ағалары 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
1989 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журна­лис­тика факультетіне бойында таланты, ойында арманы мен алға қойған мақсаты бар бір топ жас құжат тапсырады. Сұлу сөзден сүбелі ой жинақтаған жас ақын­дар, әзілдің түбін түсірер жас сатириктер, қоғамдағы келелі мәселенің бетін ашып, халықтың ықыласына бөленер жас жор­налшыларға сол кездегі жас ұстаз, бүгін­де елуді алқымдаған пофессор, ақын Бау­ыр­жан Жақып 5 жыл бойы студенттік шақтың қызығы мен шыжығына, бал дәуреніне қанық болған студенттер араға жиырма жыл салып, кезінде арман қуып келген университетінің табалдырығын қайта аттады.
1993 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін Ермахан Шайхыұлы, Мұх­тар Атабек, Бекжан Әліқұлов, Бақытжан Әлімқұлов, Біржан Белғара, Бауыржан Ғұбайдуллин, Нұрлан Қалқа, Мұрат Қожамқұлов, Ерлан Қуандықов, Нұржан Қуантайұлы, Ғабит Мүсірепов, Ормаш Мырзағалиев, Аяпберген Салихов, тағы басқалар бітірді. Сол кезде университетте жаңадан ұстаздық етіп, ғылым жолына түскен бүгінде филология ғылымдары­ның докторы, профессор атанған Бауыр­жан Жақып студенттердің кураторы атаныпты. Содан бері 20 жыл өтті.
Биыл 20 жылдығын тойлаған түлек­тер өздері түлеп ұшқан оқу ордасына құ­ралақан келген жоқ. Олар бүгінгі сту­денттерге 100 мың теңгеден арнайы шә­кіртақы тағайындады. «Тележур­на­лист Мақсұт Төлешұлы Дүйсеков» атын­дағы, «Өмір-ай» газеті атындағы сый­лық­ты Бақытжан Қосбармақов тапсырса, Шығыс Қазақстан облыстық «Шығыс-ақпарат» атындағы шәкіртақыны Нұр­жан Қуантайұлы, «Журналист Біржан Белғара» атындағы шәкіртақыны Ғабит Мүсірепов, «Тележурналист Омарғали Ноянұлы» атындағы шәкіртақыны Ғазиз Тастаев, «Қаныш Сәтбаев» атындағы шәкіртақыны Ардагер Аринов тапсырды. Факультетке жиналған түлектер ұстаз­дарына алғыс білдіріп, бес жыл бойы үйіне айналған жатақханада студенттер­мен кездесу ұйымдастырды. Сондай-ақ түлектердің студенттік шақ туралы ыстық лебіздері мен есте­лік­тері «Аннұр Сапа» баспасынан шыққан «Қолтаңба» атты кітапқа енгізілді.

Әйгерім АЙДАРҚҰЛОВА