"Ана тілі" Ұлт газеті

31 мамыр, 2013

Түлектер күні тойланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­сите­тінің журналистика факультетін 1993 жылы тәмамдаған түлектер қайта бас қосты. Биылғы түлектер әл-Фараби және Ө.А.Жолдасбеков ескерткіштеріне гүлшоқтарын қойып, Студенттер сарайына жиналып, Түлектер күнінің салтанатты ашылуына қатысты.

Бұл мейрам «Гаудеамус» студенттер гимнің орындалуынан басталды. Оқу орнының жеткен жетістіктеріне арналған бейнефильм көрсетілді. Шараның ашылу салтанатында аталмыш оқу орнының ректоры Ғ.Мұтанов сөз сөйлеп, университеттің дамуы мен гүлденуіне өз үлесін қосып, демеушілік көрсетіп жүрген түлектерді «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар түлектер журналис­тика факультетінің Темірбек Қожакеев атындағы мәжіліс залында болды. Бұл басқосуда студенттік кездегі естеліктер жайлы сыр шертетін «Қолтаңба» атты кітаптың таныстырылымы өтті. «Шығыс – Ақпарат» холдингінде басылған кітап 360 беттен тұрады. Кітапты журналист Ермахан Шайхыұлы құрастырды. Түлектер №5 жатақ­ханаға барып, студенттердің тыныс-тіршілігімен танысты. 1993 жылғы түлектер журналис­тика факультетінде оқитын бес студентке 100 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындады. Сонымен қатар үздік спорт шеберлері мен белсенді зерттеуші, белсенді азаматтық ұстанымы үшін, үздік өнерпаздар, үздік бітіруші топ студенттері марапатталды. Осы орайда жыл бойына жүргізілген университеттік «Үздік студенттік топ» байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Бірінші орынды «Астана күні» мерекесіне орай Астана қаласына арналған жолдаманы физика-техникалық факультетінің радиотехника-электроника және телекоммуникация тобы иеленді.
Түлектер білім алған факультет тынысымен танысу үшін жеке бағдарламалар бойынша университет факультеттерінде кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында «Гүлдер» би ансамблі, әнші Бақтияр Тайлақбаев пен «Денар» тобы би мен әннен шашу шашты. Кеш соңында әл-Фараби кітапханасында алғаш рет Түлектер балы болып, жиналған қауымға тамаша көңіл күй сыйлады.
1993 жылы аяқтаған бұл топтың кураторы Бауыржан Жақып – бүгінде ­филология ғылымдары­ның докторы, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғылым академиясының коррес­пон­дент мүшесі, профессор, «Қазақ энцикло­педиясы» баспасының бас директоры. Университетті бітіргеніне 20 жыл болған бұл топтың ішінде Гүлжанат Иманғазина, Нұржан Қуантайұлы, Гәкку Сәтбаева, Қаныбек Әбдуов, Бауыржан Ғұбайдуллин, Нұрлан Қалқа, Мұрат Қожамқұлов, Айнабай Мәдиев, Серікқали Мұқашев, Ғабит Мүсірепов, Ермахан Шайхыұлы сынды танымал қаламгерлерді айтуға болады.

Салтанат
ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ