"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

6 маусым, 2013
05 Маусым 2013, 19:11
ҚазҰУ жанынан оңтүстіккореялық «Кангнам Северанс» клиникасының медициналық-диагностикалық орталығы ашылады
1/3

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Ёнсе (Оңтүстік Корея) университеті жанындағы «Кангнам Северанс» клиникасының медициналық-диагностикалық орталығын ашу туралы келісім-шартқа қол қойылды.

Бұл туралы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның оқу орнына арнайы келген Оңтүстік Корейлік делегацияның сапары барысында «Кангнам Северанс» клиникасы медициналық-диагностикалық орталығын ашу туралы меморандумға ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов пен «Кангнам Северанс» клиникасы директорының орынбасары Ким Сонг Мун қол қойды.

Орталық өз жұмысын жаңа оқу жылында бастайды. «Кангнам Северанс» клиникасы орталықты 750 млн. теңге көлемінде қаржыландырып, медициналық құрал-жабдықтармен және әлемдік стандарт сапасына сай қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Ол кампус аумағында құрылысы жүріп жатқан студенттерге қызмет көрсету орталығында орналасады.

Оқытушылар мен студенттер заманауи жоғарғы технологиялық құрал-жабдықтармен медициналық көмек ала алады. Орталықта толық диагностиканы өткен соң, қажет болған жағдайда Оңтүстік Кореяның «Кангнам Северанс» клиникасында жеңілдікпен емделе алады. Сонымен қатар Ёнсе университеті ҚазҰУ-дың медициналық-биологиялық кластеріне маман даярлау бағдарламасына атсалысады.

2011 жылы Корея Республикасының президенті Ли Мён Бактың Қазақстанға арнайы сапары кезінде Қазақстан және Корея Республикаларының денсаулық сақтау министрлері ҚазҰУ-да медициналық-биологиялық кластер құру меморандумына қол қойған болатын. Диагностикалық орталық осы жоба аясында ашылады. Бұл жоба биология және биотехнология факультеті базасында іске асырылып, биомедицина бағытын дамытуды жүзеге асырады. ҚазҰУ қалашығында 55 мың шаршыметрді құрайтын заманауи аурухана, ғылыми-зерттеу зертханасы, қажетті инфрақұрылымы бар медициналық орталық салынады.

Бұл жобаны қаржыландыруға 22,8 млрд. теңге шетелдік инвестиция тартылады. Бүгінде жоба-сметасының құжаттамалары әзірленуде, құрылыс жұмыстары 3 жыл көлемінде аяқталады деп күтілуде.

Жобаның іске асыруға Сеул Ұлттық университеті, Ёнсе (Оңтүстік Корея) университеті жанындағы «Кангнам Северанс» клиникасы, Корё университеті, Қазақстанның, Оңтүстік Кореяның, Гонконгтың және Сингапурдың инженерлік-жобалық, құрылыстық және қаржылық компаниялары тартылуда.