ҚазҰУ студенттері Қазақстанның V Дельфи ойындарының іріктеу турынан өтті

24 маусым, 2009

Алматы. 2009 жылдың 10-11 маусым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дарынды студенттері Қазақстанның жастар арасындағы ұлттық Дельфи ойындарының іріктеу турына қатысты.

«Ұлттық аспаптар» номинациясы бойынша жүлделі орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері жеңіп алды. Бәйгелі орынның үшеуін де халықаралық қатынастар факультетінің екінші курс студенті Ерғали Анесов, заң факультетінің бірінші курс студенті Әлібек Мұхамеджанов, механика-математика факультетінің бірінші курс студенті Марат Өмірбеков иеленді.

«Халық әндері», «Академиялық өлең» және «Цирк» номинациялары бойынша жүлдегер атанған ҚазҰУ студенттері - Әсел Қарасаева (философия және саясаттану факультетінің 3 курс студенті), Марал Жанакеева (география факультетінің 1 курс студенті), Нұрғиса Қайралапов (филология факультетінің 1 курс студенті). «Эстрада әндері» номинациясына қатысқандардан халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс студенті Александр Цой бас бәйгені жеңіп алды.

Дельфи ойындары - өнердің классикалық және қазіргі заман жанрларын біріктіретін комплекстік жарыстар. Бұл жарыстың бір ерекшелігі музыкалық білімі бар студенттер мен әлі қанаты қатаймаған жас дарындар тең дәрежеде бақтарын сынай алады. Дельфи ойындары қазақстандықтардың арасында кең қанат жайып келеді. Аталмыш жарысқа қатысу, әрі жеңу жоғары мәртебеге жету мүмкіндігін беріп қана қоймай, халықаралық беделін нығайтуға және Қазақстандағы жастар қозғалысының дамуына жол ашады.

Біздің студенттердің Қазақстан абыройын қорғау үшін Халықаралық Дельфи ойындарына қатысып, әрі жүлделі орындарға қол жеткізуі ҚазҰУ мерейтойының қарсаңында жастар қауымының лайықты сыйы. Себебі, киелі қарашаңырақтың да студенттер шығармашылығына қосар үлесі зор. Мәселен, іріктеу турдан өткен жеңімпаздардың көбі алғашқыда Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының «жұлдыздары» атанған.

Студенттер сарайының сахнасы талай талантты жастардың бастамасына демеу болған. Ал құрбы-құрдастардың талантты мойындауы әр адам үшін де күрделі емтихан екенін білеміз. Мәселен, ҚазҰУ шәкірттерінің арасынан шыққан эстрада «жұлдыздары» Динара Қырықпаева мен Аша Матайды ауыз толтырып айтсақ болады. Биылғы жылдың жеңімпазы Марал Жанакееваны бұлбұлдай үніне тамсанған тыңдармандар қауымы оны «екінші Бибігүл Төлегенова» деп атайды екен.

ҚазҰУ-дың атынан Дельфи жарысына қатысқан тоғыз үміткердің жетеуі бәйгелі орындарды иеленді. Іріктеу туры әр үміткер үшін өз күшін сынауға мүмкіндік берді.

Сахова Меруерт,

ҚазҰУ-дың химия факультетінің 1-курс студенті