ҚазҰУ-да республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің отырысы өтті

2 шілде, 2013

ҚазҰУ-да ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің (РОӘК) гуманитарлық және жаратылыстану мамандықтары оқу-әдістемелік секциясының «Жетекші шетел жоғары оқу орындарының және Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде оқу жоспарын жетілдіру» атты отырысы өтті.

ҚазҰУ Қазақстанның ірі оқу-әдістемелік орталығы болып табылады. Университеттің РОӘК Оқу-әдістемелік секциясы еліміздің 22 жетекші ЖОО-сын біріктіреді және республикамыздың жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім берудің барлық мамандықтарының бесінші бөлігіне жетекшілік етеді.

РОӘК ОӘК отырысы отандық жоғары білім беру жүйесі мен жетекші шетел ЖОО-ларының (топ-100) инновациялық тәжірибесіне сүйене отырып, оқу жоспарын жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылады.

«Жоғары білім беруде оқу бағдарламаларының сапасын арттырудың әсерлі механизмі оларды халықаралық аккредитациядан өткізу болып табылады. Бағдарламаларды аккредиттеу олардың сапасының халықаралық дәрежеде мойындалуының және түлектердің ғаламдық бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болмақ. Оқу бағдарламаларын жобалаудағы заманауи әлемдік тәжірибенің тағы бір ерекшелігі – біліктілік(құзіреттілік) тәсілдемесі. Заманауи ЖОО-ның мақсаты – нәтижеге негізделген білім беру, демек құзіретті маман даярлау. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың инновациялық оқу жоспарында жоғары білім берудегі аталған екі әлемдік тенденция да көрініс тапқан», – деп атап өтті Бірінші проректор М.Бүркітбаев.

Құрастырылған оқу жоспарлары әрбір мамандықтың тәжірибелік дайындығын және ғылыми негізін күшейтуге бағытталған. Онда кредиттің басым бөлігі(~90%) пәндердің кәсіби блогына бөлінген, олар өз кезегінде STEM-құраушы модулінен(STEM – Science, Technology, Engineering, Mathematics), кәсіби(міндетті) модулдер базасынан, жеке білім беру траекториялары модулі мен пәнаралық модулдерден тұрады.

Сондай-ақ РОӘК ОӘК отырысына ҚР ЖОО проректорлары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың факультет декандары мен департамент директорлары қатысты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі