"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі
«Сайт 6 блоктан тұрады. Біріншісі - «Қазақ хандары»; екіншісі - «Қазақ хандығының кезеңдері»; үшіншісі - «Қазақ қоғамы»; төртіншісі - «Қазақ хандығы және көрші мемлекеттер»; бесіншісі - «Қазақ хандығы дәуіріндегі тұлғалар»; алтыншысы «Қазақ хандығы: деректер мен зерттеулер» деп аталады. Оған қазіргі таңда 33 мақала енді. Алдағы уақытта әлі де толықтырылады және сайт оқырмандары үшін кері байланыспен тығыз жұмыс істейтін боламыз», - дейді сайт жетекшісі, профессор, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Берекет Кәрібаев. Оның айтуынша, бұл - ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің «Тарих толқынындағы халық» атты баяндамасындағы тұжырымдамаларды, көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға университет тарихшыларының атсалысуының бір көрінісі.
«Біз аз уақыт ішінде дербес ел ретінде танылдық. Енді тарихты қайта қарап, тек дерек жинамай, өркениеттегі үлесіміз қандай екенін саралауымыз қажет. Қазіргі уақытта тарихшыларымыз ұлттық сананы, ұлттық идеяны қалыптастыруда үлкен іс атқаруда. Бұл бағытта Қазақстандағы іргелі, жетекші жоғары оқу ретінде біздің университет те аз уақытта біраз жетістіктерге жетті. Бұған дейін бізде «Номад» орталығы мен «Атилла» халықаралық орталығы құрылған еді. Бүгін міне сайт ашып отырмыз. Бұл өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге зор үлес қосады деп сенемін», - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. Оның сөзіне қарағанда, бұл сайттағы барлық мәліметтер қазақ тілінде жазылған. Болашақта оны орыс және ағылшын тілінде де жүргізу жоспарланып отыр.