Осы жылдың шілде-тамызында дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, «Аттила» орталығының жетекшісі, профессор Қ.Т. Жұмағұлов Германиядағы Тюбинген университетінде іс-сапармен болып қайтты. Ол бұл елге Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихына тікелей қатысы бар ерте кезеңдегі түркі тарихы бойынша сирек кездесетін деректер мен мәліметтерді анықтау мақсатында «Мыңжылдық көкжиегі» аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жіберілді.
Біздің профессор Тюбинген университетінің (1477 ж. құрылған) бай кітапханасының қорларында басым көпшілігі IV-V ғасырларға, яғни Ғұн империясының Батыстағы көркею кезеңіне қатысты ғұндардың тарихы бойынша сирек кездесетін деректік мәліметтерді жинақтады. Бұл – басым жағдайда латын мен грек тілдерінде жазылған кейінгі антикалық кезең мен орта ғасырлардың хроникалары. Осы жерде ең алдымен, Пифей (Pytheas), Аполинарий Сидоний (Apolinarius Sedonius), Амброзий (Аmbrosuis Mediolanensis), Олимпиадор (Olympiodorus), Геродиан (Herodian), Гидаций (Hydatius Lemicus), Орозий (Paulus Orosius), Приск Панийский (Priskus Panites), Проспер Тиро (Prosper Tiro), Клавдий Клавдиан (Claudius Claudiannus), Исидоp Севильский (Isidorus Hispalensis), Виктор Тонноненский (Victorius Tonnonensis), Беда (Beda) және басқа да антикалық пен орта ғасырлық авторлардың хроникаларын атап өту керек.
Профессор Қ.Т. Жұмағұлов атап өткендей, осы кезеңнің құнды деректері ретінде хроникалармен қатар, Рим империясының ғұндармен өзара қарым-қатынастарын сипаттайтын Рим папаларының әр түрлі қызметтері бойынша мұрағаттар мен материалдар кездеседі. Олар өкінішке қарай орыс тілді әдебиетті айтпағанның өзінде, шетелдік тарихнамада да айрықша көңіл бөлініп зерттелмеген. Ал іс жүзінде нақты осы сирек кездесетін деректер еуразиялық тарихтың күрделі мәселелерін қайта ашуға мүмкіндік береді.
Біздің ғалымның скандинав тілдерінде тапқан деректері айрықша маңыздылыққа ие. Бұл топқа, ең алдымен, ғұндар мен олардың билеушісін баяндайтын сагалар жатады (оларда ол Attila, Etzel, Atzel, Atli деп аталады). Профессор Қ.Т. Жұмағұлов ғұндардың тарихымен қатар, VI-VIII ғғ. Авар қағанаты бойынша тарихи деректерді анықтап, көшірмелерін әкелді. Аварлар бұл – түркі тегінен шыққан орталықазиялық тайпалардың одағы. Латын деректерінде оларды Avari, Avares деп атайды.
Біздің университет ғалымының латын, герман мен скандинав тілдерінде жинақтаған сирек кездесетін құжаттары мен мәліметтері ерте кезеңдегі Қазақстан тарихының аз зерттелген тұстарын ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы мен «Аттила» орталығының мамандары осы мәліметтердің негізінде түркі әлемі мен Қазақстанның бай тарихын қайта ашып көрсету үшін зор жұмысты атқаруы керек.
Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы