ҚазҰУ әлемдік топ-300 үздік ЖОО қатарына енді
Дамыған ЖОО сапалы көрсеткіштерін бағалаудың мойындалған QS (Ұлыбритания) рейтингтік агенттігінің зерттеу нәтижесінің қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің 800 үздік университеттері арасында 299-орынды бағындырып, әлемдік топ-300 үздік ЖОО қатарына енді. Айта кетерлігі, топ-300 үздік ЖОО қатарына ТМД елдерінен 3 жоғары оқу орны енген. Олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Ломоносов атындағы ММУ мен Санкт-Петербург университеті.
Еліміздің жетекші университеті әлемдік рейтингіде алға ілгерілеуде белсенділік танытып отыр. ҚазҰУ соңғы үш жылда 350-ші бағытқа жоғарылады. Мұндай маңызды жетістікке ҚазҰУ ұжымы кешенді құрылымдық модернизация жүргізу, факультеттерді кластерлік негізде дамыту, кафедраларды ірілендіру, жүйелік басқаруды енгізу, нәтижеге бағытталу жұмыстары арқылы жетіп отыр.
Халықаралық жетекші сарапшылардың пікірінше, ҚазҰУ қызметтің барлық бағыты бойынша сапалы көрсеткіштерді барынша арттырып отыр. Университет толығымен халықаралық стандарттарға жауап беретін білім бағдарламасына көшкен. Білім ордасының ғалымдары белсенді түрде ғылыми зерттеулер жүргізеді. Халықаралық деңгейде инновациялық жобалар жүзеге асады, жаңа технологиялар жасалады.
Жоғары импакт-факторы журналдарда ҚазҰУ ғалымдарының жарияланымдары жыл сайын артып келеді. Университет халықаралық әріптестікті кеңейту саласында, академиялық ұтқырлықты арттыруда, әлеуметтік серіктестікті дамытуда көш ілгері келеді. Университет жұмысберушілер арасында кең танымалдылыққа ие. QS агенттігінің рейтингін жүргізу барысында ҚазҰУ-дың академиялық ортадағы беделі жоғары бағаланған.
Мемлекет Басшысының – әлемнің үздік топ-ЖОО рейтингісіне ену тапсырмасын тыңғылықты орындап отырған ҚазҰУ ұжымы білімге негізделген экономиканың белсенді субъектісіне айналмақ.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі