М.И. Есенәлиевтің 85-жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

16 қыркүйек, 2013

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысовтың қатысуымен М.И. Есенәлиевтің (шын есімі Хакім Тілегенұлы) 85-жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысы ең алдымен ғалымның қызметіне арналған «Елдестірмек Елшіден» атты деректі фильмнің көрсетілімімен басталды.

«Бүгінгі күн егеменді еліміздің тарихындағы айтулы күндердің біріне саналмақ. Өйткені Сіздер мен біздер халқымыз сандаған ғасыр аңсаған тәуелсіздік атты ұлы арманға қол жеткізуіне өзінің білімі мен білігі, қайраты мен жігері, азаматтық болмысы мен қайраткерлік тұлғасы арқылы өлшеусіз үлес қосқан, егеменді елдің ертеңіне еркін де нық қадам жасауына аянбай еңбек еткен біртуар ел перзентін еске алып, ол туралы ой-тұжырымдарымызды ортаға салмақпыз. Бұл – арыстарын ардақтай білген бірлігі ұйыған елге тән қасиет. Университет ұжымына осы игі бастамаға қолдау танытқандары үшін үлке алғыс білдіремін. Ол ел азаматы, қарапайым халықтың қамын ойлап, талап қоя білетін, мәдениеті жоғары, жазуға қабілетті публицист болатын» - деді өз сөзінде ҚР Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов.

Конференция жұмысына қатысуғаМ.И.Есенәлиевтің туыстары, достары мен әріптестері қатысты. Олар кездесу барысында Михаил Ивановичтің әруағынеске алып, естеліктерін ортағасалды. Жиынға Дипломатия академиясының профессоры Т. Сүлейменов, дипломатиялық қызмет ардагері, ҚазҰУ қабырғасында қызмет еткен С. Курмангужин, ҚР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Ш. Жәнібеков және т.б. ғалымдар, жұбайы Майя Есенәлиева, Саратов облысының Питерка ауылынан арнайы келген жерлестері қатысты.

«Еңбегі ел есіндегі азамат екенін бәріміз білеміз. Тәуелсіздіктің таңы атып, таным көкжиегі кеңейе бастаған тұста уақыт сұранысына сай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқып, сан шәкіртті қанат қақтырған ұлағатты ұстаздың есімін біз де ешқашан ұмытпақ емеспіз. Соның бір белгісі ретінде университетіміз тағылымдық істің басы еткен «Өнегелі өмір» атты сериялық кітабымыздың кезекті шығарылымы мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің Сыртқы істер министрі, дипломат М. Есенәлиевтің 85 жылдық мерейтойына арналып отыр. Ғұмырының соңына дейін ел үшін еңбек еткен қарапайым қамқорлығымен халқының есінде қалған Михаил Ивановичтің ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты ұсынып отырмыз», - деді ректор Ғ. Мұтанов.

Конференция қатысушыларына арнайы жолданған ҚР Президентінің көмекшісі, белгілі дипломат Ержан Қазыхановтың үндеуі оқылды.

Әл-Фраби атындағы ҚазҰУ-да арнайы көрме ұйымдастырылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі