"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі
АЛМАТЫ. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Өнегелі өмір» сериялық кітабының кезекті шығарылымы дипломат Михаил Есенәлиевке арналды. Бұл туралы бүгін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университпетінде Михаил Есенәлиевтің (шын есімі Хакім Тілегенұлы) 85 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
«Бүгінгі күн егеменді еліміздің тарихындағы айтулы күндердің біріне саналмақ. Өйткені Сіздер мен біздер халқымыз сандаған ғасыр аңсаған тәуелсіздік атты ұлы арманға қол жеткізуіне өзінің білімі мен білігі, қайраты мен жігері, азаматтық болмысы мен қайраткерлік тұлғасы арқылы өлшеусіз үлес қосқан, егеменді елдің ертеңіне еркін де нық қадам жасауына аянбай еңбек еткен біртуар ел перзентін еске алып, ол туралы ой-тұжырымдарымызды ортаға салмақпыз. Бұл - арыстарын ардақтай білген бірлігі ұйыған елге тән қасиет. Университет ұжымына осы игі бастамаға қолдау танытқандары үшін үлке алғыс білдіремін. Ол ел азаматы, қарапайым халықтың қамын ойлап, талап қоя білетін, мәдениеті жоғары, жазуға қабілетті публицист болатын», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
«Елдестірмек Елшіден» атты деректі фильмнің көрсетілімінен басталған бұл шараға Дипломатия академиясының профессоры Т. Сүлейменов, дипломатиялық қызмет ардагері, ҚазҰУ қабырғасында қызмет еткен С. Курмангужин, ҚР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Ш. Жәнібеков, жұбайы Майя Есенәлиева және т.б. ғалымдар мен Саратов облысының Питерка ауылынан арнайы келген жерлестері қатысты.
«Еңбегі ел есіндегі азамат екенін бәріміз білеміз. Тәуелсіздіктің таңы атып, таным көкжиегі кеңейе бастаған тұста уақыт сұранысына сай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқып, сан шәкіртті қанат қақтырған ұлағатты ұстаздың есімін біз де ешқашан ұмытпақ емеспіз. Соның бір белгісі ретінде университетіміз тағылымдық істің басы еткен «Өнегелі өмір» атты сериялық кітабымыздың кезекті шығарылымы мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің Сыртқы істер министрі, дипломат М. Есенәлиевтің 85 жылдық мерейтойына арналып отыр. Ғұмырының соңына дейін ел үшін еңбек еткен қарапайым қамқорлығымен халқының есінде қалған Михаил Ивановичтің ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты ұсынып отырмыз», - дейді университет ректоры Ғалым Мұтанов.
1981-1989 жылдары Қазақ КСР Сыртқы істер министрі, 1992-199 жылдары ҚР Сыртық істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болған М. Есенәлиев 1928 жылы 15 қыркүйекте өмірге келіп, 1999 жылы 19 тамызда 70 жасында дүниеден озған болатын. Саратов заң мектебінің түлегі алдымен 1945-1950 жылдары Халық сотының хатшысы, сот орныдаушысы, ал 1950-1951 жылдары аудандық комсомол коиитетінің екінші, бірінші хатшысы болып, 1952-1954 жылдары Мәскеудегі Орталық комсомол мектебінде оқыды. 1955-1960 жылдары Павлодар облыстық ЛКСМ-ның екінші, бірінші хатшысы, 1960-61 жылдары Қазақ КСР ЛКСМ ОК хатшысы, 1961-1964 жылдары Мәскеудегі қоғамдық ғылымдар академиясының тыңдаушысы, сосын аспиранты болып философиядан ғылымының кандидаттығына диссертация қорғады. 1964-1969 жылдары Алматы қалалық компартиясысының екінші хатшысы, 1969-1981 жылдары Қазақ КСР Компартиясы ОК Мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды.