ҚазҰУ құрылыс жасағының жауынгерлері «ҰОС-та опат болған құрбандарды еске алу апталығын» өткізді

1 шілде, 2009

19 маусымда сағ. 9.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 14 студенттік құрылыс жасағы Ұлы Отан соғысында опат болған құрбандарды еске алу күніне арналған құлпытастар мен ескерткіштердің айналасындағы аумақтарды тазалады. Аталмыш шара 22 маусым - Құрбандарды еске алу күнінің қарсаңында арнайы ұйымдастырылды.

Шара 28-ші Панфилов батырлары атындағы саябақта өтті. Ашылу салтанатында қатысушылар құрбандарды бір минут үнсіз тұрып еске алды, одан кейін Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ «Ұлы Отан соғысында құрбан болғандарды еске алу апталығының» ашылу салтанаты жарияланды. Студенттер жасағының жауынгерлері барша студенттер қауымын республиканың түкпір-түкпірінде Еске алу апталығын өткізуге шақыратын үндеуді жолдады.

ҚазҰУ СҚЖ-ның 150 студенттері қаланың бас саябағын таң сәрісінен бастап тазалауға кірісті. Саябақ аумағындағы қоқысты жинап, Мәңгілік алау маңындағы гранит тақталары мен панфиловшы батырлардың ескерткіш монументтерін тазалады.

- Бүгінгі ҚазҰУ-дың студенттік құрылыс жасағының ұйымдастырып отырған шарасы аса мәнді. Ол қоғам мен жастар қауымының арасында патриоттық рухты тәрбиелеуде маңызды. Мемлекет жастарының қолдауын тапса жұмысымыз өнімді болады, - дейді «Жасылел» АҚ вице-президентіАсқар Молдабеков.

Қарашаңырақ студенттеріне мемлекет тарихына үлкен құрметпен қарап, туған жерінің адал патриоттары болып тәрбиеленуіне ерекше мән бөледі. Осыған орай жастар қауымы аталмыш шараны Ұлы Отан соғысында құрбан болған батырлардың аруағына бағыштады.

- Студенттік қауым - қазіргі қоғамның алғы жасағы. Бүгін біз 70-80 жылдары атақты болған «жасақ қозғалысын» қайта жаңғыртып отырмыз. Ол кезде жасақтың басты мақсаты құрылыс орындарында қара жұмыспен бірге ауыл аймақтарда патриоттық тәлім-тәрбиені кеңінен насихаттау болды. Бүгінгі акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат тарихымызды ұмытпау, - дейді штаб командирі Әбдіқахар Сейітжанов.

СҚЖ штабының комиссары Жұмағали Есенбек жасақ жұмысының жоспарымен бөлісті. Алдағы уақытта студенттер жасағы Ардагерлер үйі мен қалалық балалар үйіне жәрдемдеседі.

Адал еңбектен кейін шаршап қайтқан студенттер жасағына саябақ қонақтары ұзағынан қарап сүйсінді. Мәңгілік алауды құшағына алып жатқан 150 қалампыр гүлі айнадай таза гранит тақтасының көркін беріп қана қоймай, болашақ ұрпақтың патриоттық рухын бір асқақтатты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі