Сағындық Сатыбалдинге арналған кітаптың тұсаукесері өтті.
Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Өнегелі өмір» сериясымен экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткері Сағындық Сатыбалдинге арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Шараға ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, белгілі экономист-ғалым, академик Көпжасар Нәрібаев, заңгер-ғалым, академик Сұлтан Сартаев бастаған отандық ғалымдар мен студенттер қатысты.
«Сағындық Сатыбалдин» атты кітапта әр жылдардағы мақалалармен қатар сұхбаттар, мұрағат құжаттары, фотосуреттер, алыс және жақын шетел ғалымдарының еңбектерге пікірі топтастырылған.
Салтанатты жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы ашты. «Сағындық Сатыбалдин – тек туған еліміз ғана емес, әлем экономикасына өлшеусіз үлес қосқан, есімі жаһанға жайылған ғалым. Оның өмір жолы, ғылыми мұрасы өскелең ұрпаққа өнеге», – деді ол. Жиында сөз алған ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов: «Сағындық Сатыбалдин Кеңес үкіметінің кезінде жас кезінен-ақ дарынымен көзге түскен, болашағынан үлкен үміт күттірген азамат. Мен оны кең ойлап, кең пішетін, терең талғап, әріден түйіндейтін ғалым ретінде танимын», – деп пікір білдірді.
«Өнегелі өмір» сериясы ректор Ғалым Мұтанұлының бастамасымен дәстүрлі түрде шығып келеді. Бұған дейінгі шығарылымдар Ө.Жолдасбеков, С.Зиманов, М. Барманқұлов, К.Сағадиев, О.Сүлейменов, Қ. Бекхожин, Т. Амандосов, К. Нәрібаев және көптеген өзге де атақты ғалымдарға арналған болатын.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі