Ана тілдің мерейі тасқан кеш

27 қыркүйек, 2013

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубының ұйымдастыруымен Тілдер мерекесі аясында «Ана тіл мерейі» атты әдеби шығармашылық кеш өтті.

Кеш филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Г.Қазыбектің құттықтау сөзімен ашылды. Филология факультетінің жас ақындары ана тіліне арнаған жүрекжарды жырларын оқыды. Кеш барысында 1 курс студенттері арасында жарияланған «Студент күнделігінің алғашқы беттері» атты әдеби эссе байқауының қорытындысын филология факультетінің ұстаздары Қ.Мәдібай, Р.Әбдіқұлова, Ш.Шортанбай, Е.Карбозовтар жариялап, эссе мәтіндерін талдап, бағалады.

Кеш соңында «Ана тілдің мерейін асыру үшін мен не істей аламын?» сауалнаманың қорытындысы хабарланды. Студенттердің жауаптары маңызды да өзекті мәселелерді қозғап, көңілге ой салды.

ҚазҰУ-дың Тәрбие департаментінің маманы Б.Карикулова және «Көкжиек» клубының ғылыми жетекшісі, доцент Л.Мұсалы кешке белсене қатысқан студенттерді марапаттады. Кешті аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі, профессор Ә.Тарақов қорытындылап, студенттердің қадамына сәттілік тіледі.