"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық саяси-күнделікті газет
Экологтер бас қосты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ТМД-дағы экономикалық мәдениет және қоршаған ортаны қорғау жылы аясында «Экологиялық мәдениет пен қоғамның қалыпты дамуының заманауи мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға ТМД, АҚШ, Қытай елдерінің эколог ғалымдары, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы өкілдері қатысты.
Конференцияны ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Тілекқабыл Сәбитұлы «жасыл экономика» саясатының артықшылықтарына тоқталып, университет елімізде экономиканың қалыпты дамуы үшін өзіндік үлес қосуды мақсат етіп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ конференция барысында экологиялық білім беру сапасын көтеру, экология саласындағы арнайы маман даярлау мен экология, биология және биотехнология саласының бүгінгі таңдағы өзге де маңызды сұрақтары талқыланды. «Вернадский В.И. – ноосфералық экологиялық мәдениет және тұрақты даму»; «Экологияның, биологияның және биотехнологияның теориялық және қолданбалы аспектілері»; «Жасыл экономикаға» өтудің экономикалық механизмдері» атты секциялар қызу пікірталас алаңына айналды.
Автор: Әйгерім ӘЛІМБЕКОВА