Түркі тілдес елдердің бүкіләлемдік математикалық қоғамының III Конгресі

10 шілде, 2009

1-3 шілде аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркі тілдес елдердің Бүкіләлемдік математикалық қоғамының III Конгресі өтті.

Үш күн ішінде математиканың жетістіктері мен даму болашағы талқыланды. Қазақстандық математиктердің көптеген жаңа ғылыми жетістіктері көрсетіліп, Конгрестің қатысушылары Қазақстандағы ғылымның дамыған бағыттарының бірі математика екендігіне көз жеткізді.

Конгрестің соңғы, бесінші пленарлық отырысында «Бейсызықтық дифференциалдық теңдеулердің функционалының оссиляциясы үшін интервалдық бағалар» атты пленарлық баяндамасымен Түркияның әйгілі ғалымы Агаджик Зафер сөз алды. АҚШ-тың Уейн мемлекеттік университетінен келген профессор, отандасымыз Өмірбаев Уәлібай мазмұнды баяндама жасады. Оның баяндамасының тақырыбы «Аффиндік алгебралық геометрияның қызықты мәселелері».

Мехеника-математика факультетінің деканы профессор Айдархан Қалтаев пленарлық отырыстардың және 10 секцияның жұмысы туралы ақпарат берді. Үлкен ғылыми және тәжірибелік қызығушылық танытатын баяндамаларға тоқталды. Конгреске қатысушылардың айтарлықтай маңызды ғылыми мақалалары материалдар жинағында, олардың ішінде 30-дан астамы әлемнің импакт-факторы жоғары математикалық журналдарында жариялауға ұсынылды.

Түркі тілдес елдердің Бүкіләлемдік математикалық қоғамының III Конгресінің қатысушылары ғылыми қоғамдастыққа үндеу жасады. Үндеуде Конгрестің қатысушылары осы шараны Қазақстанда өткізу туралы ұсынысын қолдағаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үлкен алғысын білдіреді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркі тілдес елдердің Бүкіләлемдік математикалық қоғамының III Конгресін жақсы ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізгендігін атап көрсетті.

Конгресте қазіргі математиканың дамуына қатысты сұрақтар кешенін талқылау барысында олар әлем қеңістігінің ғылым және білім беру саласында интеграциялану үшін ғылыми қоғамдастыққа ұсыныс жасады.

Содан кейін Түркі тілдес елдердің Бүкіләлемдік математикалық қоғамын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. 15 мемлекеттен келген Конгрестің 500 қатысушылары Түркі тілдес елдердің Бүкіләлемдік математикалық қоғамының президенті етіп бірауыздан белгілі ғалым, академик, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұловты (Қазақстан) сайлады. Ол математикалық және компьютерлік модельдеу саласы бойынша математика мектебінің жетекшісі. Вице-президент болып Етибар Панаховты (Түркия), Фикрет Алиевті (Әзірбайжан) сайланды. Қоғамның басқарма мүшелері болып Нарқозы Данаев (Қазақстан), Махмут Ергут (Түркия), Мұрат Тосун (Түркия), Юсиф Гасымов (Әзірбайжан), Билял Билялов (Әзірбайжан), Зиявидин Юлдашев (Өзбекстан), Бахтиёр Хужаёров (Өзбекстан), Асылбек Чекеев (Қырғызстан), Аманбек Жайнақов (Қырғызстан), Әлімгазы Мәлік (ҚХР) сайланды.

Конгресс қатысушылары мен Түркі тілдес елдердің Бүкіләлемдік математикалық қоғамының басшылары келесі Конгресті Әзірбайжанда өткізуге шешім қабылдады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі