"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

31 қазан, 2013

Қызметкерлердің құқын қорғау – кәсіподақтың негізгі міндеті

Талғат МЕКЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында білім беру деңгейін әлемдік деңгейге көтеру турасында айтып өтті. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі өзгерістер жөнінде баяндап берсеңіз...

– Еліміздің инновациялық даму саясатына сай Қазақ Ұлттық университеті әлемдік деңгейдегі ғылыми университетке айналуды көздеп отыр. Дәл қазір университетіміз әлемдік білім беру нарығының бәсекеге қабілетті бір мүшесі екенін дәлелдеді. Айта кету керек, ҚазҰУ еліміздегі жоғары оқу орындарының қатарында тұңғыш рет Президенттің «Сапа саласындағы жетістігі үшін» жүлдесінің лауреаты атанды. Сонымен қатар университет халықаралық және Еуразиялық жоғары оқу орындары ассоциациясының мүшесі, жоғары кәсіби, университеттен кейінгі білім және ғылымның инновациялық дамуында көшбасшы атанып отыр. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті биылғы QS рейтингісінде 299-орынға табан тіреп, әлемдегі ең үздік университеттер қатарына ілікті. Яғни Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру турасындағы тапсырмасын сәтті орындап отырмыз. ҚазҰУ Алматы қаласының «Инновациялық Алматы» атты ірі жобасына қатысады. Инновация һәм технологиялық модернизацияны жүзеге асыруға бағытталған 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инновациялық кластері» атты жоба да жүзеге асырылып отыр.

– Ұрпаққа сапалы білім беруде ұстаздар қауымының атқарар еңбегі орасан зор. Университет қабырғасында қызметкерлердің «Парасат» кәсіподақ комитеті бар екенін білеміз.

– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қызметкерлерінің «Парасат» кәсіптік одағы» ерікті, өзін-өзі басқарушы, коммерциялық емес қоғамдық бірлестік болып табылады. Ол білім беру және басқа да салалардағы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, қолданыстағы заңнамаға және бірлестіктің Жарғысына сәйкес жүзеге асырады. Кәсіподақ қызметі өз мүшелерінің еріктілігі, тең құқылығы, заңдылығы жәнебелсенділігі сияқты қағидаларға негізделеді.

Кәсіподақтың дербес баланстағы жеке мүлкі, Қазақстан Республикасының банктерінде есеп-айырысу және басқа да шоттары, мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы жазылған мөрі, бланктары, сондай-ақ эмблемасы бар.

Кәсіподақ қызметі ашық негізде құрылады және оның мерзімі шектеусіз. Қызметкерлердің еңбек жағдайын анықтауға қатысу кәсіподақтың негізгі міндетіболып табылады. Оған еңбекті нормалау; еңбекақы шарттарын анықтау; еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау; қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында ұжымдық келісімшарт жасау; жалпы, қызметкерлердің еңбек жағдайын анықтау мәселелері бойынша жұмыс берушінің актілерін қабылдау үдерісіне қатысу; еңбек жағдайындағы келіспеушіліктерді шешуге қатысу; кәсіподақ мүшелерінің өндірістік қызметке байланысты ұсыныс-сұрақтарын қарастыру; кәсіподақ мүшелеріне құқықтық, материалдық және басқа да қаржылық көмек көрсету жатады. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтық мәртебесі мен қызмет аясының ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіподақ білім беру қызметіндегі тұлғаның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибенің жетістіктері, азаматтылық пен елжандылықты тәрбиелеу негізінде кәсіби қалыптасуын өз міндетіне алады.

– Кәсіподақтың жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз...

Университет қабырғасында 4500-ден астам адам жұмыс істейді. Жоғары оқу орнының құрамында Ыстықкөл жағасындағы спорттық сауықтыру лагері, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, спорттық кешен, жабық типтегі спорт залы, теннис корды сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар бар. Бұл нысандарды қамтамасыз ету үшін 618,7 млн теңге жұмсалады. Сонымен қатар университет құрамында ұстаздардың біліктілігін арттыру институты да бар. Аталмыш институт ғылымның қырық саласы және жүз отыз бес мамандық бойынша республика аумағындағы жоғары оқу орны ұстаздарының біліктілігін арттырады. Жалпы кез келген мекемеде еңбек қауіпсіздігі қатаң бақыланып, еңбек ету үшін қауіпсіз шаралар қолға алынады. Әрбір қызметкердің қауіпсіз еңбек етіп, дер шағында міндетті әлеуметтік көмекке қол жеткізуі – біздің бақылауымыздағы жұмыс. Сонымен бірге ұстаздар қауымының біліктілігін арттырып, сапалы да саналы білім беру жолында аянбай еңбек етуі үшін де барлық жағдай жасалған. Университет әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы ұстаздардың баспанамен қамтылуын да қолға алып отыр. Осы орайда «Ақ кент» тұрғын үй кешенінде еншілес құрылыс принципінің негізінде 118 қызметкер баспаналы болды. Айта кету керек, баспананың шаршы метрінің құны үш жүз елу АҚШ долларына тең. Жеті қызметкер университет қызметкері ретінде жеңілдікпен ипотекаға қол жеткізді. Сонымен қатар оқу ақысын дер кезінде төлеген студенттерге де жеңілдіктер қарастырылған.

– Университетте әлеуметтік әріптестік қағидасы енгізілгенін естіп едік. Дәл осы әріптестіктің мән-мағынасы мен мазмұны қандай?

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «Барлық жұмыс мемлекеттің, бизнес пен азаматтың өзара тығыз іс-қимылы негізінде құрылуы тиіс. Бұлжердебиліктіңміндеті – мемлекет, қоғамменжекеадаммүддесініңрационалдытепе-теңдігінқамтамасызету.Шынайы әділеттілік дегеніміз, міне, осы. Әлеуметтік әріптестікті белсенді дамыту, елдің мемлекеттік емес секторын, бірінші кезекте, әлеуметтік саланы жаңғыртуға қатысуын кеңейту үшін жағдай жасау маңызды» деп атап көрсетті.

Елбасы көтерген әлеуметтік серіктестіктің тиімділігі мен нәтижесін ректорымыз Ғ.Мұтановтың бастамасымен университетте жүзеге асырылып келе жатқан әлеуметтік серіктестік қағидаларын үлгі ретінде көрсетуге болады. Мысалы, университетте әлеуметтік әріптестік қоғамдық кәсіби кеңес және қоғамдық комиссия түрінде жұмыс атқарады. Университет деңгейінде бұл ақсақалдар кеңесі, имидж саясаты бойынша кеңес, ақпараттық технологиялар бойынша кеңес, факультеттерде этика бойынша комиссия, халықаралық университет достарының клубы, куратор эдвайзерлердің кеңесі сынды бөлімшелер бар. Сонымен қатар «Парасат» кәсіподақ кеңесі, «Сұңқар» студенттер кеңесі, ҚазҰУ әйелдер кеңесі одағы сынды қоғамдық бірлестіктер де белсенді жұмыс істейді. Ал факультеттерде жүзден аса студенттік бірлестіктер бар. Студенттер бес миллион теңге көлемінде грантқа қол жеткізіп, тоғыз миллионнан астам теңге көлемінде демеушілік көмек алды.

– Биылғы жылда кәсіподақ қандай жұмыстар атқарды?

Университет ректоры кәсіподақ жұмысын жіті бақылайды. Биыл да қызметкерлерге әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 1 миллиардтан астам сыйақы берілді. Яғни бір қызметкердің әлеуметтік жиынтығы жылына 250 000 теңгені құрайды. Шипажайларда ем алу үшін де университеттен қаржы бөлінеді. Жоғарыда атап өткен Ыстықкөл жағалауындағы спорттық сауықтыру лагеріне жыл сайын жеңілдетілген жолдамалармен қызметкерлеріміз демалып тұрады. Жаңа медициналық орталық салу, қызметкерлерге жеңілдігі бар баспана алу, Ыстықкөл жағасындағы демалыс аймағының материалдық техникалық базасын кеңейту, Қазақстанда өз демалыс аймағымызды ашу сынды бірқатар мәселелерді жоспарлап отырмыз. Алла сәтін салса, бұл істі де жүзеге асырамыз деген сенім мол.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ