"Бірінші курс таланттары – 2013" гала-концерті өтті
ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында биылғы «1-курс таланттары» байқауының іріктеу кезеңіне 650-ден аса өнерлі жастар қатысып, солардың ең үздіктері Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында марапатталды.
Фестиваль - жігер оты жалыңдаған студент жастардың заман ағымына ілескен зымыраған күндеріндегі бос уақыттарын әсерлі ән, көк нөсер күй, күмбірлеген домбыра, мың бұралған би әлемімен қауыштыру мақсатында, 2010 жылдан бастап дәстүрлі түрде университетіміздің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының бастамасымен және қолдауымен өткізілуде.
«1-курс таланттары» қорытынды кешінде өнерлі жастарды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы, әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева, оқу жұмысы жөніндегі проректор Дархан Ахмед-Заки «жеке дауыстағы эстрадалық ән», «дәстүрлі ән», «жас ақындар», «көркемсөз оқу», «актерлік шеберлік», «домбырада ойнау шеберлігі», «гитарада ойнау шеберлігі», «үздік жүргізушілер», «топтық эстрадалық ән», «халықтық би», «заманауи би», «классикалық би», «жас ақындар», «қобызда ойнау шеберлігі», «фортепианода ойнау» сынды бірнеше номинацияларымен марапаттады.
Университет ректоры Ғ.Мұтанов «Біздің жастар нағыз талантты жастар. Олар білім мен өнерді қатар ұстаған ұлттың болашағы, келешегі, тізгінін ұстар тірегі. Бүгінгі талантты бірінші курс студенттерін көріп, ерекше қуанышта тұрмын. Олар ҚазҰУ-дай 80 жылдық тарихы бар университеттің келбеті, айқын айнасы іспетті. Біз сіздермен қуанамыз, ел болашағына сенеміз», - деді марапатттау сәтінде. Марапаттау салтанатының соңы жеңімпаз таланттардың өнерлерімен жалғасты. Тегіс жиналған студенттер мен ұстаздар олардың өнерлеріне сүйіспеншілікпен қарағаны жүздерінен байқалып тұрды. Байқауда «актерлік шеберлік» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған философия және саясаттану факульетінің студенті Малика Серікова: «Бұл шарадан алған әсерім шексіз. Бізді өнер шыңына жетелеп, рухани биіктетіп тастағаны жасырын емес. Шараны ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. Жеңімпаздардың әрқайсысында осындай қуаныш сезімінде деп ойлаймын. Жастар шығармашылығына, өнеріне қамқор болып отырған университетімді әрқашан мақтан тұтамын», - деді. Бұл шара арқылы ҚазҰУ студенті Қазақстан жастарының ерекше буыны, қозғаушы күші, алтын діңгегі екендігін аңғартады.