Ж.Ж.Молдабековтың 70 жылдығына орай өткен "Қазақтану және ұлттық инновация"атты конференция өтті

11 қараша, 2013

Көрнекті ғалым, бүгінде «қазақтану» ілімінің негізін қалаушылардың бірі, қазақтану және жаңару философиясы мәселелерінің әдістемелік негіздерін салушы, сонымен бірге ұлттық тәрбиенің тәлімдік өнегелері және қазақ ақын-жырауларының, би-шешендерінің дүниетанымы мен философиясы төңірегінде көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген ұлағатты ұстаз, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық акмеологиялық ғылымдар академиясының академигі Жақан Молдабековтың 70 жылдығы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерей тойына арналған дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен «Бар қазақ – бір қазақ: діни-мәдени аспектілері» ғылыми-зерттеу жобасының аясында «Қазақтану және ұлттық инновация» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Салтанатты жиынды философия және саясаттану факультетінің деканы, филос. ғыл. докторы, профессор Әлия Масалимова ашты. Ол Жақан Жанболұлының факультеттегі орны ерекше екенін айтып, оқытушылар мен студенттері, магистранттары, докторанттары арасында үлгілі ұстаз, ғалым ғана емес, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласатындығын атап өтті.

Конференция барысында: «Қазақтану – білімдер саласының мәдени-тарихи парадигмасы мен әдістемелік реттеушісі», «Интеллектуалдық мәдениеттің дәстүрлі және жеке қайнар көздері», «Қазақстандық патриотизмді нығайтудағы ұлттық инновация», «Рухани жаңару мен дамудағы Қазақстандық жол» секциялары жұмыс жасады. Конференцияға шет елдік және отандық ғалымдар қатысты.

Мерей той иесін құттықтауға әріптес достары: ҚР БҒМ Шығыстану институтының директоры, филол.ғ.д. профессор Әбсаттар Дербісәлі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филол. ғ. д., профессор Уалихан Қалижан, Нұр Қазақ - Египет ислам университетінің ректоры, академик, профессор Доктор Махмут Фехми Хижази, ҚР ҰҚК Шекара академиясының профессоры, филос. ғ. д. Молтобарова К.И., ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, филос.ғ. д., профессор Нұрмұратов С. Е. тағы басқа қонақтар құттықтады. Пленарлық мәжілісте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филос.ғ. д. Ғабитов Т. Х. "Жақан Молдабеков. Қазақтанушы. Философ. Тұлға", Ө.А. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясының профессоры, филос.ғ.д. Аманжол Қасабек "Кісілік дүниетаным және ұлттық рух", Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-дың профессоры, филос.ғ.д Карабаева А.Г. және әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-дың профессоры, филос.ғ.д. Исмағамбетова З.Н. "Инновационная деятельность как социокультурный феномен" тақырыбында баяндамалар жасады.

Конференция барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдығына арналған «Менің университетімнің тарихы» эссе байқауының қорытындысы жарияланды.

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы