Халықаралық қатынастар факультетінде Асылы Османмен кездесу өтті
Халықаралық қатынастар факультетінде дипломатиялық аударма кафедрасы мен «Сұңқар» студенттер кәсіподағының бірлесіп ұйымдастыруымен ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының кандидаты, Мемлекеттік тілге құрмет бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі, «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері, 2004 жылғы Американың өмірбаяндық халықаралық зерттеу институтының «Әлемдегі 2004 жылдың ең таңдаулы әйелі» атағына ие болған халқының ардақтысы Асылы Осман Әлиқызымен кездесу болып өтті.
«Қазақ тілі үшін жан аямай күресуші, күресуші болғанда қаһарман дәрежесінде күресуші»,- деп Әзілхан Нұршайықов ағамыз айтқандай қаны қазақ болмаса да, жаны қазақ Асылы апайымыз бүгін біздің ортамызда,- деп кешті факультеттің аға куратор-ұйымдастырушысы Ахметалиева Гүлшат Уәбиденқызы ашты.
Кездесуге жиналған халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары мен студенттері Асылы апайдың майын тамызып айтқан мәнерлі де мәнді, өнегелі де өзекті әңгімелерінен мол азық жинап қайтты.
«Қазақ халқындай жүрегі кең, дархан ұлт жоқ деп ойлаймын. Бір құрты болса бөліп жедік, қиналғанда құшағына алып, бауырына басты. Әрбір Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілінің қазақ тілін білуі- қазақ халқына деген құрметі деп білемін. Ендеше, біз қазақ тілінде сөйлеуге міндеттіміз», - деп ойын бір түйіндеді.
Кеш барысында айтылған пайымды пікірлер мен түйінді ойлар «қазақ тілі мен оның болашағы», «қазақ жастары» тақырыптарында өрбіді.
Үш тұғырлы тіл туралы қабылданған шараларға қарсылығын білдірген Асылы апай тұғыр сөзінің тек қана қазақ тіліне қолданылуы тиіс екенін және қазақ тілінің ана тілі ретінде бір жүк арқаласа, мемлекеттік тіл ретінде тағы бір жүк арқалайтынын тілге тиек етті. Студенттер арасынан қойылған сұрақтарды ұтымды да тұшымды жауаптарымен қанағаттандыра отырып, Елбасымыз қабылдаған латын әліпбиіне көшу саясатының дұрыстығын, тіпті бұл жобаның ертерек іске асырылуы керектігін алға тартты.
Асылы апайдың балалық шағы мен өмір жолы хақында да сыр шертілген бұл жиында факультетіміздің ақын қыз-жігіттері 1-курс студенті Бурхан Назерке, 3-курс студенттері: Сағидуллин Дархан, Өміртай Амалбектер жалынды жырларымен шашу шашты. Туған жер, ана тілі туралы әсерлі жырға сүйсінген Асылы апай студенттердің жауқазын жырларына ұзақ ғұмыр тіледі. Кеш соңында Асылы апайға гүл шоқтары ұсынылып, суретке түсу рәсімі де ұмыт қалмады.
Халықаралық қатынастар факультеті