«Көмек» еріктілер қозғалысының бастамасымен «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық кеші өтті

15 қараша, 2013

2013 жылы 14 қараша күні «Көмек» еріктілер қозғалысының бастамасымен «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық кеші өтті. Бұл жарқын бастама алғашында университетіміздің тарих, археология және этнология факультетінде ұйымдастырылған болатын.

«Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымы 2010 жылы 10 қарашада құрылған. Үш жыл ішінде жүректері жылуға толы жандардан құралған бұл ұйымның атқарған игі істері көп. Еріктілердің басты мақсаты жетімдер үйі мен мүмкіншілігі шектеулі балалар интернаттарымен, қарттар үйімен, мұқтаж жандарға көмек көрсету. Жақсы істің жалғасын физика-техникалық факультетінің ерікті жандары өз қолдарына алған болатын. Қайырымдылық концертінің ең басты кейіпкері Кеңес Аружан Бақтиярқызына арналған. Кештің басты мақсаты балалардың церебральді сал ауруымен ауыратын кішкентай қызға аз да болса, көмек көрсету еді. Концерттің қадірлі қонақтары қазақ эстрада әндерін орындаушылары «Қыран» және «Mysterions» топтары әсем әндерін сыйлады. Көмектік еріктілер сазды ән мен күймен, өнерлі бишілер мен қазақтың қара домбырасымен терме өнерінен де күй шертті. Университеттің көңілді әзілкештері «Жастар құрама командасы» күлкі мекенінен әзілдерін тарту етті. Физика-техникалық факультетінің «Атамекен патриоттық» клубы да өз сыйларын алып келді. Жастар ұйымдары комитетінің өкілдері де қайырымдылық концерттен шет қалмады. Сонымен қатар ҚазҰТУ мен ҚазҚызМПУ ЖОО-ның өкілдері кеш қонақтары болды. Аяулы Аружанның жүзінен кеш бойы күлкі кетпеді. Ана жүрегіне тағдыр тәлкегінің қиыншылығына мойынсынбай, үнемі алға нық қадаммен басуға тілектеспіз.

«Көмек» еріктілер қозғалысы