ЖОО әскери кафедраларының жұмысын жақсарту жолдары талқыланды
15 қарашада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әскери кафедрасында Оңтүстік өңірдегі әскери кафедрасы бар жоғары оқу орындарының басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайыммен кездесу өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Б. Әбдірайымға ҚазҰУ-дың әскери кафедрасындағы оқу-жаттығуға арналған құрал-жабдықтармен, жұмыс барысымен таныстырды. Б. Әбдірайым: «Кездесуіміз Батыс, Орталық Қазақстан облыстарынан бастау алып, бүгін Оңтүстік өңірдегі әскери кафедра басшыларымен өтіп отыр. Қазіргі таңда әскери кафедралар жоғары оқу орны тарапынан қаржыландырылады. Әскери оқу-жаттығу жұмыстарына материалды-техникалық тұрғыдан қандай көмек қажеттігін айтыңыздар. Алдағы уақытта арнайы бағдарлама негізінде қолдан келер көмек жолдарын қарастырамыз. Республикада 25 әскери кафедра бар. Біз болашақта ақпараттық технологиядағы қауіпсіздік мамандығына, халықаралық техникалық мамандықтарға даярлауымыз керек. Осы туралы әскери кафедра басшыларымен кеңесіп, жұмыс тобын құрдық. Қазіргі таңда әскери кафедрасының базалық жағынан ҚазҰУ өте жоғары деңгейде білім беретін оқу орны, оқытушы-профессорлық құрамы да мықты, білім сапасы да жақсы. ҚазҰУ әскери кафедрада маман даярлауда көшбасшы болып отыр», - деді өз сөзінде министрдің орынбасары.
Жиынға әскери кафедралары бар ЖОО проректорлары, әскери кафедра басшылары қатысты. Оқу-әдістемелік жиынның өткізілу мақсаты қазіргі заман жағдайындағы запастағы офицерлерді дайындаудың өзекті, негізгі бағыттарын анықтау, әскери кафедрадағы сабақ өткізудің бірыңғай әдістемесін құрастыру, білім беру процесіне инновациялық әдіс жұмысын енгізу, ҚР ҚК жоғары білікті маманданған офицерлерін дайындау әдісі және жаңа түрінің ізденісін анықтауға арналды.
«Бәріміздің бас қосып, әскери кафедралардың жұмысын жақсарту, оңтайландыру, ұтымды пайдалану жолдарын қарастырып отырмыз. Осы орайда ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылары біршама шараларды ұйымдастырып жатыр. Біз жастарды алдыңғы қатарлы, қабілеті мол кәсіби әскерге дайындауымыз керек. ЖОО басшылары әскери-патриоттық тәрбиеге мән беріп, көңіл бөліп отырғаны бізді қуантады», - деді ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Қайрат Рашитұлы.
Жиын барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Құрлық әскерлері әскери институтының арасында меморандумға қол қойылды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі