ҚазҰУ-да ақын Бауыржан Жақыппен «Таны мені, ашып көр құпиямды...» атты кездесу кеші өтті

18 қараша, 2013

Физика-техникалық факультетінің ұйымдастыруымен киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, ажары бар, сырлы да нәзік өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп, жырмен тербеп жүрген, һәм, есімі республикаға танымал дарынды ақын Бауыржан Өміржанұлы Жақыппен «Таны мені, ашып көр құпиямды...» атты кездесу кеші өтті.


Факультеттегі өлең шығаруға құмар студенттердің өнерін дамыту мақсатында университет басшылығының қолдауымен, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторы Бауыржан Өміржанұлы Жақыппен өткен кездесуде жылуфизика және техникалық физика кафедрасының студенттері ақынның өлеңдерін жатқа оқып, әндерін айтып, би биледі. Кештің қадірлі қонақтары, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Шешен Респуликасының ең жоғары Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік және Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтардың лауреаты Рафаэль Ниязбек, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбек, Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, «ҚаламгерМедиа» орталығының бас директоры, ақын, Жанарбек Әшімжандар Бауыржан Жақыптың өмір жолын, еңбек жолын, ғылым жолын көрермендерге қысқаша баяндап берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың атынан ақынды құттықтап, шапан кигізіп гүл шоғын ұсынды. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кітапхана қызметкерлерінің бастамасымен ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ақынның сөзіне жазылған әсем әндерімен «Серілер» тобы, Гүлмира Әшімбаева, Фархат Ерланұлы сынды әншілердің әндері кешті нұрландыра түсті. "Қазақ энциклопедиясы" корпорациясының бас директоры, бірнеше жыр кітаптарының авторы Б.Жақып студенттерге өзінің кітаптарын сыйға беріп, сұрақтарына жауап беріп, өлеңдерін оқыды. Журналистика факультетіндегі ақынның шәкірттері де сыйлық беріп, ғылымда үлкен жол ашып бергені үшін біртуар азаматқа алғыстарын білдіріп, құттықтады.

Үнемі оқушыларына ақын ағамыздың өлеңдерін жаттатуды әдетке айналдырған №147 гимназияның мұғалімі Құралай Шынжирлина дарынды оқушылары Жанайым Өмекбай, Елжан Нұрғайып, Нұрай Нұржауовалардың жаттаған өлеңдерін оқыды.

Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының оқытушылары мен студенттері атынан қаламгерге гүл ұсынып, университет студенттерін жыр жолдарымен сусындатқаны үшін алғыс хат берілді. Кеш соңында ұйымдастырушылар, студенттер, кеш қонақтары, университет ұжымы ақынмен естелік суретке түсті.

ҚазҰУ Баспасөз қызметі