- Басты бет
- Жаңалықтар
- www.qazaq.kz интернет-басылымы журналистика факультеті студенттеріне тапсырылды
www.qazaq.kz интернет-басылымы журналистика факультеті студенттеріне тапсырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде «Қазақ Интернеті» қоғамдық бірлестігі қолдауымен 2013 жыл 15 қарашада «Қазақ интернеті және электронды БАҚ дамуы» атты дөңгелек үстел өтті. «Қазақ Интернеті» қоғамдық бірлестігі 2005 жылдан бері қазақтілді Интернет-кеңістік қалыптастыруға үлесқосып, ана тіліміздегі ғаламторды дамыту мақсатында 100-ден астам сайтты әзірледі.
Шараға Астана қаласынан «Қазақ интернеті» Қоғамдық бірлестігінің директоры Серікқазы Кәкібаланов арнайы келіп, студенттерге бүгінгі интернет ресурстардың дамуы, мәселелері мен мүмкіндіктері жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, 2-курс студенттері Елубаева Мөлдір және Жоламанова Ақнұр «Қазақ интернетіндегі электронды БАҚ құралдары», 1-курс студенті Шакенова Айжан «Қазақ тілді сайттар» атты презентацияларын қорғап, интернет БАҚ-ты дамытудың жолдарын ұсынды. «Үздік сайт жобасы» байқауы аясында 2-курс студенті Әбіл Жұлдыз өзінің Kinotanym.kz сайт жобасын ұсынды.
Бірлестік басшысы Серікқазы Кәкібаланов 2006 жылы ана тіліміздегі алғашқы интернет-басылымдардың бірі «Қазақ» интернет-газеті - www.qazaq.kz тұңғыш қазақша пошталық сервер мен іздеу жүйесін ашып іске қосты. Дөңгелек үстел барысында аталмыш интернет-басылымды бірлестік атынан журналистика факультетінің студенттеріне жүргізіп, контентін жаңалап, өңдеу мақсатында табыс етті. Енді интернет-журналистикаға қарымды да қабілетті студенттердің материалдары осы ақпараттық қорда жарияланып отырмақ. Газеттің редакторы, 1-курс студенті Мақфуза Тұрғанжан 3 ай бойы күнделікті жалықпай қазақ жазушы, ақындары, публицистерінің еңбектерін теріп, мәнді де мағыналы дүниелермен толтырып жүр.
«Қазақ Интернеті» қоғамдық бірлестігі, сонымен қатар журналистика факультеті және кафедраларында оқитын студенттерге арналған «Ең үздік сайт» байқауын жариялап, тоқсан сайын үздіктерді анықтап, марапттау жобасын ұсынды. Сондай-ақ дөңгелек үстелде студенттер қазақ интернеті, қазақ тілді сайттар мәселесі бойынша пікір алмасып, әлеуметтік медианың ықпалдылығы туралы қызу ой өрбітті. Алда студенттердің ұсынуымен жастар арасында әлеуметтік желілерде «Темекіден теріс айналайық» ақпараттық науқанды ұйымдастыру жобасы мақұлданып, оны «Қазақ Интернеті» ақпараттық қолдау көрсететін болды.
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы