«Жапон тілін оқытатын сөздікті дайындау» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өткізілді

19 қараша, 2013

2013 жылы 16-17 қарашада шығыстану факультетінде «Жапон тілін оқытатын сөздікті дайындау» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми дөңгелек үстел өткізілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Токио шет тілдер университетінің (Жапония), Цукуба университеті (Жапония) мен Орталық Азия елдері университеттерінің оқытушылары дөңгелек үстел жұмысына қатысты.

Жапон делегациясының құрамында танымал ғалым-профессорлар, жапон тілінің мамандары - Оно Масаки, Сунакава Юрико, Имаи Шинго, Кавамура Ешико және т.б. болды. Көптеген елдердің қатысуымен жапон тілін оқытатын сөздікті құрастыру туралы халықаралық жоба Цукуба университетінің профессоры Сунакава Юриконың басшылығымен жүзеге асырылды. Сөздікке ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударылған гуманитарлық, техникалық мамандықтар бойынша ақпараттар енген. Қазір орыс тіліне аудару жүргізіліп жатыр. Сөздікті қазақ тіліне аудару мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жапонтану және корейтану кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы осы жобаға қатысуға шақырылды. Дөңгелек үстелдің отырысы барысында келесі ғылыми мәселелер бойынша пікір алмастырылды: жапон тілін оқытатын оқу сөздігінің мәліметтер базасын құру, жапонша-орысша сөздікте ұсынылған үстеулерге сараптама жасау, заңгер-студенттер пайдаланатын сөздіктерді қолдану ерекшеліктері, иероглифтік көрсеткіштердің тиімділігіне салыстырмалы сараптама, жапон тілін оқытудың компьютерлік жүйесін әзірлеу және бағалау, коллокацияларды жинау әдісі және т.б.

Дөңгелек үстелді өткізудің болашақта Қазақстанда жапон тілін оқытуда сонымен қатар Жапония университеттерімен білім және ғылым саласында ынтымақтастықты нығайтуда маңызы орасан зор.

Корейтану және жапонтану кафедрасы