«Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» - 2013

21 қараша, 2013

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 22 қараша күні 2013 жылы Студенттер сарайында университеттік «Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» - 2013 байқауының ақтық байқауы өтеді.


Бұл байқау көптеген ЖОО-да өткізіліп келе жатқан түрлі сұлулық байқауларынан өзіндік ерекше форматымен, мазмұнымен, ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Бұл бүгінгі тәуелсіз еліміздің ертеңі, шынайы патриоты, қазақстандық жас ұрпақтың жаңа буынының келбетін көрсететін мазмұнды іс-шара.

«Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» - 2013 байқауының басты мақсаты жастар бойында ұлттық тәрбие құндылықтарын дамыту, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, жастардың жеке тұлға ретінде үйлесімді дамуына, рухани және жеке кемелденуіне жәрдемдесу, заманауи қыздар мен жігіттердің шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін дамыту, сондай-ақ салауатты өмір салтын, табиғи сұлулықты насихаттау.

Байқаудың алғашқы кезеңінде университетіміздің 700-ге жуық ұл-қыздары қатысып, өтініш білдірді. Олардың 90-ы 2-ші кезеңге өтті. Екінші кезеңде қатысушылардың интеллектуалды өресі, өнері, білімі сараланып университетіміздің барлық 13 факультетінен 14 қыз, 14 жігіт таңдалып алынды. Осы уақытқа дейін арулар өз қолдарымен қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, жәрмеңке өткізді. Жиналған ақша қорына жетім балалар үйіне қамқорлық іс-шараларын жүргізді. Ал жігіттер ұлттық, спорттық байқаулар (асық-ойнау, қол күрес, атта шабу және т.б.) бойынша өнер көрсетті. Жігіттердің тек спорттық қабілеті ғана емес, сондай-ақ қоғамдық, яғни үгіт-насихат жұмысы, адамдармен қарым-қатынасы да бағаланды. Ақтық сынға қатысатын жолдама алған қатысушы қыз-жігіттердің мәдени қоғамдық өмірдегі әдебі, мінез-құлқы және өзін ұстауы бағаланды.

Үшінші ақтық кезеңде (22 қараша күні) қатысушылар 5 номинация бойынша сынға түседі. Олар: сәлемдесу, шеберлік сайысы, сұрақ-жауап сайысы, өнер сайыс, ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілерін көрсету (дефиле).

Басталуы : 17.30.

Ұйымдастырушылар: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменті. Байланыс телефондары: 8701 249 78 88, 377 33 39 /ішкі 13-39/