Халықаралық СПИД-ке қарсы күрес күніне орай кездесу өтті

27 қараша, 2013

Халықаралық СПИД-ке қарсы күрес күні жыл сайын 1 желтоқсанда аталып өтеді. Бұл әлемдік ВИЧ/СПИД эпидемиясының таралуын тоқтату қажеттігін еске салатын күн. Осы күнге байланысты география және табиғатты пайдалану факультетінің рекреациялық география және туризм кафедрасы № 4 жатақханада 26 қараша күні Алматы қаласының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы білім беру бағдарламасының маманы А.К.Өмірбекова және «СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» дәрігер-эпидемиологы М.А. Тұрымбетпен кездесу өтті.


Кездесу №4 жатақхананың акт залында өтті. Оған география және табиғатты пайдалану және химия және химиялық технология факультеттерінің студенттері қатысты.

Санитарлық-ағарту дәрісі кезінде дәрігер-эпидемиолог СПИД-тің пайда болуы, таралуы және белгілері туралы әңгімеледі. Алматы қаласының әкімшлік аудандары бойынша ВИЧ-пен ауыратын адамдардың қай аудандарда көбірек шоғырланғаны туралы диаграммасы көрсетілді. Студенттерге оны жұқтыру, жұқтырмау жолдары туралы мәліметтер берілді.

ВИЧ-тің диагностикасы мәселелеріне аса көңіл бөлінді және қазіргі кезде қандай медициналық мекемелерде сараптама тапсыруға болатыны және олардың мекен-жайлары туралы ақпарат берілді. Кездесу барысында қатысқан студенттерге осы індет жайлы буклет, ақпарат қағазшалары таратылды.

Рекреациялық география және туризм кафедрасы