- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың республикалық патриоттық фестивалінің жеңімпаздары анықталды
ҚазҰУ-да «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың республикалық патриоттық фестивалінің жеңімпаздары анықталды
ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған еліміздің барлық өңірлерінен жоғары оқу орындары жастарының басын қосқан «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың республикалық патриоттық фестивалі гала-форумы өтті.
Фестивальді ұйымдастырушылар - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Жас Отан» жастар қанаты және Алматы қаласы әкімшілігі.
Қазақстан қоғамының жемісті дамуындағы маңызды шарттың бірі еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамдық өміріне жастардың белсенді қатысуы болып табылады. Ел тәуелсіздігі қалыптасуының алғашқы екі онжылдығы барысында орын алған әлеуметтік-саяси қайта жаңғыруда айтарлықтай дәрежеде “алғашқы нәтиже” болып табылатын студент жастар буыны ерекше мәнге ие. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа жолдауларында жастардың ел тағдырындағы шешуші күш екендігін әлденеше рет баса айтқан. Мемлекетіміздің болашақ даму бағдары олардың азаматтық ұстанымына тәуелді, дәл осы жастар 10-15 жылдан кейін Қазақстанның бет-бейнесін айқындайтын болады.
Гала-форумның салтанатты ашылуындағы құттықтау сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов: «Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Президент қазақстандық жастардың дамуы үшін барлық қажет жағдайларды жасауға көп көңіл бөлді. Елбасы жастар біздің реформалардың басшысы болуы тиіс екеніне үнемі көңіл аударады. «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы жаңа бағыттың қозғаушы күшінде жастардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Дәл Сіздердің алдарыңызда осы бағдарламаның орындалуы тұр. ХХІ ғасырда Қазақстанды құратын және дамытатын сіздер. Сондықтан да бүгін әрқайсысыңыз белсенді азамат, Отанымыздың патриоты және республиканың дамуына өз үлестеріңізді қосуға ұмтылуларыңыз қажет. «Мен жастарға сенемін!» республикалық патриоттық фестивалі студент жастардың Қазақстанның болашағы үшін патриоттықты және азаматтық жауапкершілікті көтеруге бағытталған. Біз осы фестиваль сіздердің барлықтарыңыз үшін идеялар, бастамалар және нақты жобалармен алмасу алаңына айналып отырғанына қуаныштымын», - деді.
Фестиваль аясында бір ай бойы хабарланған байқаулар бойынша студенттік жұмыстар қабылданды. Олар: «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» атты студенттік эссе байқауы және «Мен жастарға сенемін!» тақырыбында студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауы болды. Әр байқау бойынша секциялық отырыстар өтіп, әділ-қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққандарды таңдап, әділ шешімін шығарды. Ұйымдастырушы комитетке еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінен 1000-ға тарта жұмыстар келіп түсіп, ең үздік 300 автор байқаудың екінші кезеңі Gala-форумға қатысуға шақырту алды.
Gala-форум аясында әр өңірлерден келген қатысушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Керемет» жастар ресурстық орталығымен, студенттік бизнес-инкубаторы, студенттік клубтар жұмысымен және студенттік инновациялық жобалар көрмесімен танысты.
ҚазҰУ-дың Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында номинациялар бойынша фестиваль жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі, Gala-форумның жабылуы өтті. Беделді мамандардан құралған тәуелсіз әділ-қазылар әрбір конкурс бойынша фестивальдің жеңімпаздарын анықтады.
«Менің ел дамуына қосқан нақты үлесім» атты студенттік инновациялық жобалар байқауында 1-ші жүлделі орынды және және Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігі тағайындағын арнайы сыйлықтың иегері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің студенті Ерболат Усенов.
«Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» атты студенттік эссе байқауында 1-ші жүлделі орынды және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантының сертификатының иегері Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Анель Тасқалиева.
«Мен жастарға сенемін!» атты жас ақындар байқауында 1--ші жүлделі орынды және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантының сертификатының иегері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенті Тленшиев Абай Сейфуллаұлы.
Сонымен қатар барша қатысушыларға және 2,3 орын иегерлеріне алғыс хаттар мен «Жас Отан» жастар қанаты, «ҚР Ғылым және бiлiм қызметкерлерiнің Кәсiби одағы» және басқа да әріптестерінің сыйлықтары тапсырылды. Gala-форум соңында Қазақстанның Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева ән айтып, «Жастар-Party» мерекелік кешіне ұласты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі