ҚазҰУ-да тұрақты даму бойынша Ортаазиялық аймақтық хаб құрылатын болады

9 желтоқсан, 2013

2013 жылдың 2-7 желтоқсаны Нанси қаласында (Франция) өткен Қазақстан-француздық ғылыми симпозиумға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары қатысып қайтты. Симпозиум аясында ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. Мұтановтың ЮНЕСКО-ның білім беру саласы бойынша бас директорының орынбасары Цянь Танмен және ЮНЕСКО-ның тұрақты даму білім беру бөлімінің бастығы Александр Ляйхтпен кездесуі өтті.

ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ЮНЕСКО-ның білім беру саласы бойынша бас директорының орынбасары Цянь Танмен білім беру ісіндегі әріптестік туралы мәселелерді талқылады. Кездесу соңында тұрақты даму бойынша аймақтық хаб (орталық) құру туралы шешім қабылданды. Бұл хаб ЮНЕСКО ұсынған UNITWIN бағдарламасына сәйкес ҚазҰУ-да орналасып, орталық-азиаттық университеттердің аймақтық жүйесі ретінде құрылады. Құрылымның негізгі міндеттері аймақтардағы тұрақты дамудың басты мәселелерін шешу жолдарын қарастыру, осы бағытта жоғары білікті маман даярлау болып табылады.

Мұндай шешім жоғары халықаралық рейтингке байланысты және университеттің тұрақты даму ісіндегі жасаған орасан зор жұмысына қарай, БҰҰ тұрақты даму «РИО+20» конференциясында ұсынылған «Жасыл көпір ұрпақтан ұрпаққа» жобасы негізінде мүмкін болып отыр. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азия бойынша БҰҰ «Academic Impact» жобасына қатысатын жалғыз университет және тұрақты даму бойынша «GLOBAL CLASSROOM» оқу-білім беру халықаралық жобасының халықаралық әріптесі болып келеді.

ЮНЕСКО-ның Аймақтық Хаб жобасы стратегиялық маңызы бар мәселе болғандықтан жуық арада жасалынбақ. Тұрақты даму тұжырымдамасы ЮНЕСКО қызметінің негізгі бағыттарына орай ҚР Президенті Н.Назарбаев қолдауымен іске асырылады. Бұндай Хаб БҰҰ тұрақты даму «РИО+20» конференциясында ұсынылған «Жасыл көпір ұрпақтан ұрпаққа» жобасы арқылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұжырымдамасын әрі қарай дамыту болып табылады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі