Алматы-тәуелсіздіктің алтын бесігі

19 желтоқсан, 2013

Қазақ елі тәуелсіздігінің 22 жылдығына орай қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының ұжымы 17 студенттер үйінде өткізген кештің тақырыбы «Алматы - тәуелсіздіктің алтын бесігі» деп аталды.

Әрине, тәуелсіз Қазақстанның төл шежіресі, тарихтың жаңа беттері ел өміріндегі талай жарқын істердің ошағы атанған өзіміздің сүйікті қаламыз Алматыдан басталғанын бәріміз мақтан тұтамыз. Жас мемлекетіміздің тарихындағы жаңа кезең, болашағымыздың бейнесін, келешегіміздің келбетін айқындайтын нық қадам дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады. Іргетасы қаланғанына екі мың жылдың жүзі болған Алматы еліміздің іскерлік, туризм, қаржы және мәдени орталығы тәрізді ерекше мәртебесіне сәйкес әлем жұртшылығы назарын аударған қалаға айналып, заманауи бейнесін қалыптастырып, жаһандану қарсаңындағы стратегиялық міндетін үлкен абыроймен атқарып келеді. Осыдан тура 22 жыл бұрын еліміздің алып шаһары Алматыда қазақ елінің тәуелсіздігі жария етіліп, әлем жұртшылығының назарын өзіне аударғаны мәлім. Тарихи күннен бастау алған алғашқы жарқын істердің барлығы біздің қаламыздан өмірге жол тартып, орталықтан теперіш көріп келген санамызға рухани серпіліс дәнін сепкен Алматы және оның тұрғындары ары қарай да ұлт тәуелсіздігінің баянды, келешегінің кемел болуына, ел мұраты мен мүддесінің игілікті, ізгілікті жолда дамуына өз үлесін қосып келеді. Елбасы Н.Назарбаев «Мен халқымды сүйемін» атты кітабында «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек» екендігін есімізге салатынын ескере отырып, шынында, ата-бабаларымыз арман еткен бостандықтың, еркіндіктің мәнін терең түсініп, іргетасын берік ету жолында әрқайсысымыздың да атқарар міндетіміз ерен болу керек екенін бағамдаймыз. Біз еліміздің ұландарына, ұрпақ зердесіне тәуелсіздік мұратына адалдықты ұялатуды үнемі ойлап, әрдайым ескеріп, қадағалап отырудан еш жалықпауымыз керек. Жатақханадағы жұма күнгі жүздесуде осы жайттардың барлығы дерлік қамтылып, қаламыздың әлі де талай жарқын істердің ұйытқысы бола беретініне, бұл ауқымды шараға жастардың да қосатын үлесі қомақты болатынына сендірген еркін ойлы студенттер пікірі де осы төңіректен табылды. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуында өзіндік зор үлесі бар қаламызда атқарылып жатқан сан салалы дүниелер де, ауқымды, маңызды шаралар да кафедра куратор-эдвайзерлерінің, магистранттарының айтар әңгімесінің арқауы болды. Кеш барысында «Тәуелсіздік тағылымы» деп аталатын фильм көрсетіліп, ол кафедра студенттері дайындаған ән-жыр кешіне ұласты. Студенттердің Алматы қаласы, оның бүгіні мен болашағы, тәуелсіздік тақырыбында оқыған өлеңдері кештің шырайын келтірді. Аталмыш кешке кафедра оқытушы-профессорлар құрамы түгелге дерлік қатысып, тәуелсіз даму жылдарының алғашқы сәттерінен-ақ ел абыройын тұғырлы етуге атсалысып келе жатқан қала және оның гүлденіп, асқақтауына ықпал еткен тұлғалары туралы өздері куә болған, басы-қасында жүрген ұмытылмас сәттермен сабақтастырып, тағылымды әңгімемен түйіндеді.

Қазақ әдебиетінің тарихы және

теориясы кафедрасы