Құқықтық саясат Тұжырымдамасы – мемлекеттің тұрақты дамуының алғышарты
7 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қатысуымен «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының қолдауымен «Қазақстан Республикасының 2010-2020 жж. арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасы - мемлекеттің тұрақты дамуының алғышарты» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Қазақстанның ғылыми қоғамдастығы мемлекет басшысы бекіткен Қазақстанның жаңа құқықтық саясат тұжырымдамасы ұлттық құқықтық дамуының негізгі бағыттарын, құқық қорғау және сот органдары, мемлекеттік қадағалау органдарының құрылымы мен қызмет ету әдістерін жетілдіруді, сонымен қатар қаржылық және банкілік заңнаманың өзгеруін анықтайтын жүйелі және концептуалды құжат болып табылады деп есептейді.
Конференцияның ашылуында сөйлеген сөзінде ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов: «ҚазҰУ ғалымдарының іскерлігі мен жуйелі жұмыс істеуінің арқасында лезде жаңа құқықтық тұжырымдаманы талқылауға кірісіп кетті. Жаңа құжат Конституцияның гуманистік және саяси әлеуетін жүзеге асырудың тиімді жолдарын нұсқайды. Үкімет Тұжырымдаманың жыл сайынғы жүзеге асыру жоспарын қабылдауды ұсынып отыр. Біздің міндетіміз азаматтар өз конституциялық құқықтарының орындалуын талап етуі үшін ұсынылған жаңалықтарды халық арасында насихаттау» деп атап өтті.
Академик Сұлтан Сартаев аталған құжаттың басым 3 бағытына тоқталды. «Мына концепция біздің алдағы онжылдыққа белгіленген даңғыл жолымыз. Осында көрсетілген барлық жағдайларды, идеяларды бұлжытпай іске асыратын болсақ, мемлекетімізді көркейтеміз және 50 дамыған мемлекеттердің қатарынан табыламыз» деп академик үлкен сеніммен, жауапкершілікпен өз ойын білдірді.
Сонымен қатар конференция жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері мен республикамызға танымал басқа да ғалымдар мен Алматы қаласы жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Д.Қонаев университетінің ректоры, профессор Өмірәлі Қопабаев заңнамалық құжатты қабылдау тарихына аз-кем тоқтала келе «1995 жылғы Конституция, 2007 жылғы өзгерістер енгізу барысына Елбасы тікелей өзі басшылық етті. Біздің тұңғыш президенттің жаңа тәуелсіз мемлекет үшін еткен қызметін, сіңірген еңбегін ескере отырып, заңдарда, Конституцияда ролін бекіту керек» деп баса айтты. Заң факультетінің деканы Дәулет Байділдинов осы ойды былай жалғайды: «Ұлтымыздың көшбасшысы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып құрылған алғашқы күнінен бастап, еліміздің құқықтық саясатын құру бағытында барлық нормативтік актілердің, барлық құқықтық заңнамалардың қабылдануына тікелей өзі қатысып отырды. Сондықтан мемлекет басшысы өзі бастап қолға алған тұжырымдаманың 2020 жылға дейін іске асырылуына тікелей өзі басшылық етуі тиіс деп есептеймін» деді.
Жиын шеңберінде егеменді Қазақстанның мемлекеттік құқықтық бағдарламаларын жасаудың тарихи-құқықтық тәжірибесі, ҚР-ның құқықтық саясат тұжырымдамасының дамуының конституциялық негізі, әкімшілік және әкімшілік іс жүргізу құқығының болашақта дамуының проблемалары, қылмыстық саясат, құқық қорғау және сот жүйесінің дамуының негізгі бағыттары, банкілік және қаржылық құқықты жетілдірудің алғышарттары, әлеуметтік құқықтарды құқықтық тұрғыдан қамсыздандыру және қазіргі таңдағы әлеуметтік саясатты жүзеге асыру жөнінде кеңінен талқылады.
Конференция жұмысының қорытындысы ретінде баяндамалардың негізінде ұсыныстар қабылданды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі