Cыбайлас жемқорлықпен күресудегі құқықтық ресурстар: халықаралық стандарттар, халықаралық және қазақстандық тәжірибе

15 қыркүйек, 2009

2009 жылдың 9 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті және Фридрих Эберт атындағы Қоры (ГФР) университеттің 75-жылдық мерейтойын тойлау аясында «Cыбайлас жемқорлықпен күресудегі құқықтық ресурстар: халықаралық стандарттар, халықаралық және қазақстандық тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді.

Халықаралық семинардың мақсаты - халықаралық, ұлттық құқықтың және халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерінің бірі болып табылатын, әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің мүдделеріне қайшы келетін, сонымен қатар халықаралық құқықтық жүйедегі әлемдік экономика мен саясаттың дамуына теріс әсер ететін сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күресу саласында білім және құқықтық тәжірибемен алмасу болып табылады.

Халықаралық семинардың жұмысына жетекші сарапшы ретінде Германияның Гамбург Федералды жеріндегі Әкімшілік Сотының төрағасы және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кеңесшісі доктор Герд Велинг (ГФР), Фридрих Эберт атындағы Қордың Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Вульф Лапинс, Азия және тынықмұхиты елдерінің қауіпсіздік мәселелерін зерттеу орталығының өкілі, профессор Рубен Азизян (АҚШ) және өзге де сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы қазақстандық жетекші ғалымдар мен сарапшылар, сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессорлық-оқытушы құрамы қатысты.

Халықаралық семинарды өткізу барынсында сыбайлас жемқорлықпен күресудегі еуропалық және неміс тәжірибесі сөз болды. Шетелдік әріптестері сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы халықаралық құқықтық-стандарттарды айта келе, сыбайлас жемқорлықпен күресудегі қазақстандық тәжірибенің барысын сұрады.

Оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов сыбайлас жемқорлықпен күресудегі ел тәжірибесін қысқаша баяндап: «Бүгінгі тақырып аясында соңғы күндері қызу талқыланып жүрген Қазақстан Республикасының 2010-2020 жж. арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасы - мемлекеттің тұрақты дамуының алғышарты бола алатындығын айтқым келеді. Сонымен қатар, Концепия - мемлекеттік даму механизмін баяулататын сыбайлас жемқорлық мәселесіне тосқауыл қойып, алдын алуға мүмкіндік беретін ресурстың бірі. Нақтылайтын болсам, халықаралық конвенциялардың талаптарына сәйкес экологиялық, қылмыстық коррупциялық заңды бұзған жеке тұлғаларды ғана емес, заңды тұлғаларды да заң алдында жауапқа тарту талаптары қарастырылған. Халықаралық қауымдастық бұл өзгерістерді дұрыс көреді» деді.

Сондай-ақ заң ғылымдарының докторы, академик Салахиден Сәбікенов «Сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық қатынасу негіздері» тақырыбында баяндама оқыды. Онда Егеменді Қазақстанның мемлекеттік құқықтық бағдарламаларын жасаудың тәжірибесі, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы халықаралық-құқықтық негізгдері жөнінде баяндалды.

Халықаралық семинардың жұмысы барысында қарастырылған баяндамалар негізінде семинар материалдарын жинақ ретінде басу жоспарлануда.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі