ҚазҰУ түлектер Ассоциациясы Президиумының алғашқы отырысы

24 қыркүйек, 2009

24 қыркүйек күні ҚазҰУ түлектер ассоциациясының президенті Қазақстан Республикасы бас прокуроры Қайрат Мәмидің басқаруымен ассоциация президиумының алғашқы отырысы өтті. Жиналыс алдында университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов Қайрат Мәмиге еліміздегі ең ірі оқу орнының түлектер қауымдастығының «1 нөмірлі» президенті куәлігін ресми түрде табыс етті.

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана ҚазҰУ түлектерінің мерейтойлық кездесуінде асоциацияның президуимы мен президенті сайланған болатын, міне бүгін оның жаңа басшысы өзінің қоғамдық міндеттеріне кірісіп кетті.

Қайрат Мәми өзінің сайлануын бірнеше буын түлектерінің сенімі деп қарап, жоғары бағалады. Сондай-ақ ол ассоциациядағы әріптестерін салмақты да жауапты жаңа жұмыстың басталуымен құттықтады. Басшы бірден-ақ президиумның Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Игорь Рогов, Ақмарал Арыстанбекова, Өмірзақ Айтбай, Жұмабек Кенжалин, Сауытбек Әбдірахманов, Александр Тараков және басқа да салмақты құрамын көріп, ассоциация ірі көлемдегі жұмыстарды дереу әрі дамылсыз бастап кетуге мүмкіндігі барын айтты.

Алғашқы жиналыс Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес ҚазҰУ-дың әлемдік бәсекеге қабілетті ортаға және әлемдік рейтингке кіру жолында Қауымдастық алдындағы мақсаттар мен міндеттерді талқылауға арналды. Ассоциация дамуының әрі қарайғы басымдықтары сөз болды.

ҚазҰУ түлектер ассоциациясы президенті әріптестері алдында нақты міндеттерді қойды. Ассоциация жетекшісінің пікірінше, ең басты мәселе түлетерді жұмыспен қамту. Қайрат Мәми бірде-бір түлек ассоциация назарынан тыс қалмауы керек. Ол жоғарғы сот төрағасы кезіндегі 100 заңгер түлекті жұмыспен қамту бастамасын жалғастыратынын, сонымен қоса, ендігі жерде барлық факультеттерде ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Ассоциация өздері түлеп ұшқан алтын ұясының әр жетістігі мен жеңісіне ат салысуды, меценаттық және демеушілік идеясын қолдау керек. Бұл өз кезегінде университеттің оқудағы жаңа жобаларды жүзеге асыруға көмегі тиетінін ескерген жөн. Университетті әлемдік ғылым қауымдастығына ұмтылдыруға, имидждік келбетін танытуға түлектер қауымдастығы баса назар аударатын болады.

Қазақстан жоо ассоциациясының президенті Рахман Алшанов Елбасының тапсырмасына сәйкес халықаралық деңгейге көтеру керектігін айтты. Өйткені бүгінде ҚазҰУ түлектері жақын және алыс шет ел компанияларында, жетекші оқу орындарында жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар академик Өмірзақ Айтбай қазақстандық білім беру саласын мойындату үшін, университеттің үздік түлектерін кеңінен насихаттау қажет деп есептейді. Осы ойды жалғаған Алматы технологиялық университетінің ректоры Құралбек Құлажанов Қазақ ұлттық университетінің ірі ғалымдары мен қайраткерлерінің атаулы стипендиясын тағайындау керек дегенді қозғады.

Әрі қарайғы жұмыс барысында президиум мүшелерінің орындаушы органы - қауымдастық директоратының құрамы бекітілді. Алғашқы жиынның соңғы қорытындысы әл-Фараби атындағы қазҰУ түлектер қауымдастығының 10 атаулы стипендиясын тағайындаумен шығарылды.

ҚазҰУ түлектер ассоциациясының президенті өзі оқыған заң факультетін аралап, Қазақстан Республикасы 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдасы және құқық жүйесіндегі прокуротураның орны мәселесін талқылауға дөңгелек үстел басына жиналған ұстаздар мен студенттер қауымымен кездесіп, алғашқы жұмыс күнін осылайша тәмәмдады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі.