- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Қазақстан жолы-2050 – менің жолым!» атты форум қатысушылары Қазақстан жастарының үндеуі қабылданды
«Қазақстан жолы-2050 – менің жолым!» атты форум қатысушылары Қазақстан жастарының үндеуі қабылданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауын қолдау мақсатында «Қазақстан жолы-2050 – менің жолым!» атты жастар форумы болып өтті. Іс-шараны ұйымдастырушылар – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы қаласы әкімшілігі.
Алматының мыңнан аса студенттерін – жастар ұйымдарының көшбасшыларын, жастар ісі жөніндегі комитет басшыларын, студенттік ұйымдардың белсенділерінің басын қосқан жастар форумы Елбасының саяси бағытын қолдауға, Жолдаудың басты бағыттарын іске асыруда өз ойларын, сондай-ақ, университет қабырғасында оқи отырып, әртүрлі салада қандай жетістіктерге жеткендерін, мемлекет басшысының үнемі жастарға деген ілтипатына алғысын білдірді.
Форум қатысушыларына ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин, қалалық жоғары оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі проректорлары қолдау танытты.
Осы орайда жастармен кездесуге арнайы келген ҚР Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин студенттерге өз ойын айтып, пікірін білдірді. «Мәңгілік Ел деген қасиетті ұғым. Біздің өмірімізге соңғы Жолдау арқылы жетіп, алып самұрық құс қанатын жайып ұшқандай халық жүрегіне жете бастады. Жастар осы жолдаудағы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ деген үш ұғым бір тағдырды құрайтынын түсініп отыр. Тағдырымыз мықты болу үшін мақсатымыз айқын болуы керек. Бұл жай ұран сөз емес. Бүгінгі жас ертеңгі осы қоғамның иесі. Бүгінгі ұлттық университетте өтіп жатқан жиын арқылы жастар бойына ұлтжындылықты, құндылықтарды бере білу. Олар алдыңғы буыннан әлдеқайда ақылды, білімді болуы керек. Алысқан кезде алып жығатын, күрескен кезде жамбасын бермейтіндей мықты болып өсуі керек», - деді сенат депутаты.
«Форумда Елбасы Жолдауын жастарға жеткізіп, талқылап, негізгі мақсаттарға қалай жетуге болатындығы айтылып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері бірінші халықтық ұлттық идея – «Мәңгілік ел» идеясы. Ол болашаққа арналған үлкен жолдау. Биылғы жолдаудың тағы бір ерекшелігі, болашақта ғылымға негізделген экономика жобасын жасау. Бұл білім және ғылыммен байланысты», - деді өз сөзінде ректор Ғ. Мұтанов.
Форум барысында студенттер 2050 Стратегиясының іске асуында жастардың үлесі, ел болашағы үшін жас буынның әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру, ғылым мен инновацияның өсуіндегі рөлі, қоғамда толерантты атмосфераны сақтау, «Мәңгілік ел» ұлттық идея құндылықтарын нығайту және т.б. мәселелер талқылады.
«Жолдаудың басым бағыттарына қол жеткізу үшін ҚазҰУ-да нақты жұмыс жасалып жатыр. Техопаркте студенттерге идеяны іске асыруға барлық мүмкіндікте, жетістігіміз де бар. Белсенді жастар Жолдауды оқып, оның ел ертеңі үшін маңыздылығын түсініп, жарқын болашақ үшін бүгіннен бастап оқуда озат, ғылымда мықты, бәсекеге қабілетті маман болып шығуға бар ынта-ықылас, күш-жігермен атсалысамыз», - деді студенттік бизнес-инкубатор жетекшісі Асхат Абжанов.
Ел Президенті жастарға артқан сенімді іске асыруда өз білімі мен қабілеттерін, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың идеясының іске асуы үшін бірігіп, форум соңында Алматы қаласы студенттерінің Қазақстан жастарына үндеуі қабылданды.
Үндеуде «Біз, республика жастары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың идеясын жүзеге асыру үшін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы негізінде жатқан осы құндылықтар төңірегіне топтасып, бар күш-жігерімізді, өз білімдеріміз бен мүмкіншіліктерімізді Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолына бағыттауға шақырамыз! Қазақстан жолы 2050 – біздің жолымыз!» делінген.
Баспасөз қызметі