"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

19 ақпан, 2014

Жастар үндеу қабылдады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақ­стан халқына Жолдауын қолдау мақсатында «Қазақстан жолы – 2050 – менің жолым!» атты жастар форумы болып өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы қаласы әкімшілігі. Алматының мыңнан аса студенттерін – жастар ұйымдарының көшбасшыла­рын, жастар ісі жөніндегі комитет басшы­ларын, студенттік ұйымдардың белсен­ділерінің басын қосқан жастар форумы Елбасының саяси бағытын қолдауға, Жолдаудың басты бағыттарын іске асы­руда өз ойларын, сондай-ақ универ­ситет қабырғасында оқи отырып, әртүрлі салада қандай жетістіктерге жеткендерін, Мем­лекет басшысының үнемі жастарға деген ілтипатына алғысын білдірді.
Форум қатысушыларына ҚазҰУ рек­торы Ғалым Мұтанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжоло­ва, Сенат депутаты Нұрлан Оразалин, қа­лалық жоғары оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі проректорлары қолдау та­нытты.
Осы орайда жастармен кездесуге ар­найы келген Сенат депутаты Нұрлан Ора­залин студенттерге өз ойын айтып, пікірін білдірді. «Мәңгілік ел – қасиетті ұғым. Біздің өмірімізге соңғы Жолдау арқылы жетіп, алып самұрық құс қанатын жайып ұшқандай халық жүрегіне жете бастады. Жастар осы Жолдаудағы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ деген үш ұғым бір тағдырды құрайтынын түсініп отыр. Тағдырымыз мықты болу үшін мақсаты­мыз айқын болуы керек. Бұл жай ұран сөз емес. Бүгінгі жас – ертеңгі осы қоғамның иесі. Бүгінгі ұлттық университетте өтіп жатқан жиын арқылы жастар бойына ұлтжандылықты, құндылықтарды бере білу. Олар алдыңғы буыннан әлдеқайда ақылды, білімді болуы керек. Алысқан кезде алып жығатын, күрескен кезде жамбасын бермейтіндей мықты болып өсуі керек» деді Сенат депутаты.
– Форумда Елбасы Жолдауын жас­тар­ға жеткізіп, талқылап, негізгі мақсаттар­ға қалай жетуге болатындығы айтылып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері бірінші ха­лықтық ұлттық идея – Мәңгілік ел идея­сы. Ол – болашаққа арналған үлкен Жолдау. Биылғы Жолдаудың тағы бір ерек­шелігі – болашақта ғылымға негіз­делген эко­номика жобасын жасау. Бұл білім және ғылыммен байланысты, – деді өз сөзінде ректор Ғ.Мұтанов.
Форум барысында студенттер 2050 стратегиясының іске асуында жастар­дың үлесі, ел болашағы үшін жас буынның әлеуметтік жауапкершілігін қалыптас­тыру, ғылым мен инновацияның өсуіндегі рөлі, қоғамда толерантты атмосфераны сақтау, Мәңгілік ел ұлттық идея құнды­лықтарын нығайту және т.б. мәселелер талқыланды.
– Жолдаудың басым бағыттарына қол жеткізу үшін ҚазҰУ-да нақты жұмыс жа­салып жатыр. Технопаркте студенттерге идея­ны іске асыруға барлық мүмкіндік те, жетістік те бар. Белсенді жастар Жолдау­ды оқып, оның ел ертеңі үшін маңыз­дылығын түсініп, жарқын болашақ үшін бүгіннен бастап оқуда озат, ғылымда мықты, бәсекеге қабілетті маман болып шығуға бар ынта-ықылас, күш-жігермен атсалысамыз, – деді студенттік бизнес-инкубатор жетекшісі Асхат Абжанов.
Ел Президенті жастарға артқан сенімді іске асыруда өз білімі мен қабілеттерін, ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың идея­сының іске асуы үшін бірігіп, форум со­ңында Алматы қаласы студенттерінің Қа­зақстан жастарына Үндеуі қабыл­данды.
Үндеуде «Біз, республика жастары Қа­зақстан Республикасының тұңғыш Президенті – ұлт Көшбасшысы Н.Назар­баевтың идеясын жүзеге асыру үшін Мәң­гілік ел ұлттық идеясы негізінде жат­­қан осы құндылықтар төңірегіне топ­тасып, бар күш-жігерімізді, өз білімдеріміз бен мүмкіншіліктерімізді Тәуелсіз Қа­зақстанның дамуы жолына бағыттауға шақырамыз! Қазақстан жолы – 2050 – біздің жолымыз!» делінген.

Мағауия ШАЙХЫ