Ординаторлар институты

7 қазан, 2009

Студенттер Сенатының белсенді мүшелері Экономики және Бизнес факультетінің студенттері Құрманғалиев Рауан және Мендіғалиев Қаиыржанныңбастамасымен 1-курс студенттеріне жөн көрсетіп, жол сілтейтін «Ординаторлар институты» құрылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қазақстандық білім кеңістігіндегі ең алдыңғы қатарлы, өзге жоғарғы оқу орындарынан оқ бойы озық тұрған оқу ордасы екендігі белгілі. Университетіміз сан жылдар бойы әр оқу жылында төрт мыңнан астам білімгерлерге есігін айқара ашып, биік белестерге бағыттап келеді.

Зерттеулердің көрсеткеніндей, ЖОО табалдырығын алғаш аттаған «балмұздақ» білімгерге жаңа ортаға бейімделіп, уақытты тиімді пайдалануға үйреніп, жаңа жостар тауып, студенттік өмірдің нағыз бет-бейнесімен кездесу үшін жарты жылдан астам уақыт керек екен. Студенттердің 70%-дан астамы шет аймақтардан келіп оқитынын ескерсек, білім жолына бет алған білімгерлер университетте өз орнын қаншалықты тез таба алады деген сауал туындайды. Себебі, «бес саусақ бірдей емес» дегендей, өмір сүру образының күрт өзгерісі әр адамға әр түрлі әсер етеді. Студенттің алғашқы оқу жылының басым бөлігін бейімделуге жұмсап, өзінің бойындағы қабілеттер мен дарынының ашылуын кешеуілдетуі, әрине, ешкімге де абырой әперетін іс емес. Сондықтан да, Студенттер Сенатының белсенді мүшелерінің бастамасымен 1-курс студенттеріне жөн көрсетіп, жол сілтейтін «Ординаторлар институты» құрылған болатын.

Бұл жоба бойынша ҚазҰУ-дың ең ұсақ, сөйте тұра ең маңызды бірлігі саналатын 1-курстың топтарын жоғары курстарда оқитын аға-әпкелері өз қанатының астына алмақ. Әрбір топқа бір немесе екі ординатордан тағайындалып, осы ұжымның корпоративтік рухын қалыптастыруға, бойларына ҚазҰУ-не деген орасан зор сүйіспеншілікті дарытуға ат салысады.

Ординаторлардың негізгі міндеттеріне мыналар кіреді:

  • Университеттің тағылымды тарихы мен дәстүрлерінен хабардар ету;
  • Факультеттегі оқу-әдістемелік үрдіспен, оқытушылармен, оқу кестесімен таныстыру;
  • Университет көлеміндегі маңызды мекемелер, ұжымдардың мақсаттары, мекен-жайы туралы ақпарат беру;
  • Салауатты өмір салтын насихаттауға үндеу;
  • Студенттік өмірде болып жатқан барлық мерекелік іс-шаралар, жаңалықтардан хабардар етіп отыру;
  • Әрбір студенттің шығармашылық қабілеттерінің толығымен ашылып, оқу ордамыздың мүддесі үшін қызмет етуіне барлық жағдайлар жасау;
  • Дарынды жастарды іріктеп, қоғамдық жұмыстарға белсенді ат салысуына түрткі болу;
  • Студенттердің ақпараттық салада, оқу үрдісінде және өзге де салаларда орын алған мәселелерін шешуге қол ұшын беру;
  • ҚазҰУ Студенттер Сенаты мен өзін-өзі басқару ұйымдарының мәртебесін арттыруға баулу және т.б.

Осылайша Қазақ Ұлттық университетіне жүрек қалауымен келген әрбір жас азаматқа қолдан келгенше көмек көрсететін белсенді «тәрбиешілер» - ординаторлар жасағы құрылды.

«Тәрбиелеуші ең алдымен өзі тәрбиеленген болуы тиіс» демекші, мұндай жауапты қызметке университеттің қоғамдық өмірінде белсенділік танытып жүрген, ақылды да алғыр жастар тағайындалуда. Студенттер Сенатындағы Жоғарғы Ординаторға барлық факультеттердің Бас ординаторлары есеп береді, өз кезегінде топтардың ординаторлары сатылы жүйемен басқарыла береді.

«Ординаторлық Институтының» құрылуы ҚазҰУ тарихындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде танылып, киелі қара шаңырағымыздың 75 жылдық мерейтойына өзіндік бір тарту болған сыңайлы. Қорыта айтқанда, артынан ерген іні-қарындастарына жанашыр жастардың көмегімен Университетіміздің имиджін арттыруға, студенттердің жаңа өмірге бейімделуін жеңілдетуге, ең бастысы жасампаз жаңа дәстүрдің іргетасын қалауға қол жеткіземіз!

Жидебекқызы Ақнұр

8702 66 00 337