8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! ҚазҰУ ректоры Ғалым МҰТАНОВ

7 наурыз, 2014

Құрметті ҚазҰУ арулары мен аяулы аналар!

Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Көгілдір көктемнің шуақты күндерімен ілесе келетін осынау күн елімізде ананы құрметтеу, ұлықтау мейрамы ретінде игі дәстүрге айналды. Ана – дүниедегі ең қымбат, ең қасиетті ұғым. Батыр да, ақын да, ең кемеңгер дана да анадан туады. Қыздарымызды инабатты әрі кішіпейіл етіп тәрбиелеуде, ұлдарымыздың бойына қайсарлық, өрлік, өжеттілік пен ерлікті сіңіруде ана тәрбиесінің рөлі ерекше. Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық білім мен ғылымның киелі ордасы университетіміздің сіңірген еңбегі ерен. Ұлағатты ұстаздарымыз ұл-қыздарымызға жан-жақты сапалы білім беріп қана қоймай, саналы тәрбие беру жолында да аянбай еңбек сіңіріп келеді. Олар жастардың бойындағы патриоттық сезімді, өз ұлтына, салт-дәстүрге, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті, намыс, қажырлылық пен қайраттылықты шыңдауда. Бұл ретте университетіміздегі әйелдер қауымының қызметі аса жауапты да қастерлі.


Әсемдік пен нәзіктік атаулыны бойына жинаған студент қыздарымыз бен қадірлі ұстаздарымызды және отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, мемлекеттік қызметке, саясатқа және қоғамның тағы басқа салаларына белсене араласып, абыроймен қызмет етіп жүрген барша әйелдер қауымын осы ғажайып мерекемен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, қызметте табыс тілеймін!