ҚазҰУ аруларына арналған мерекелік кеш өтті

7 наурыз, 2014

Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың нәзік жанды аруларына арналған 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік кеш өтті. ҚазҰУ-дың 80-жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырған 80-ші көктем мерекесі, арулар мерекесі көтеріңкі көңіл-күймен өтті.

Көңілді кешті ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов құттықтау сөзімен ашып, құлпырған арулардың төл мерекесі 8-Наурыз мерекесіне арналған ыстық лебізін білдірді. «Сіздерді көктемнің шуақты күні - әсемдік, нәзіктік, мейірім күні – 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен шын шүректен құттықтаймын! Ғажайып мерекенің көгілдір көктем мезгілімен тұспа-тұс келуі де жақсылықтың нышанындай. Бүгінде отбасының тыныштыған, береке-бірлігін сақтап қана қоймай, қоғамның әр саласында қызмет етіп, еліміздің өркендеуіне, өсуіне тікелей атсалысып жүрген аруларымыз қаншама. Олардың көпшілігі ҚазҰУ түлектері деп сеніммен айта аламын. Білімді де, білікті қыз балаларды оқытып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруде университетіміздің алар орны ерекше. Қазақ қызы иманды, білікті болса,ұрпағымыз саналы, білімді болмақ», - деді өз сөзінде. Ректор құттықтауында өлең оқып, жыр жолдарын арнады.

Бұл кеште университеттің барлық басшылығы, декандар, факультет ұжымы толық қатысып, ән мен күйден шашу шашып, мың бұралып билеген, қалың ағаш еденді саз балшықтай илеген ер-азаматтар аруларды таңқалдырды. Профессорлық құрамнан жасалған топ Ш. Қалдаяқов әндерінен, ал факультет ұстаздары «Досмұқасан» әндерінен паппури айтып, түрлі аспаптарда өз өнерлерімен университет ұжымын қуанышқа бөледі.

ҚазҰУдың Баспасөз қызметі