"Қазақпарат" ұлттық ақпарат агенттігі

17 наурыз, 2014
16 Наурыз 2014, 14:48
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «ЕССЕ MUNDUS» халықаралық семинары өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жоғары білім бойынша Орталық Азия және Орталық Еуропа форумы - «ЕССЕ MUNDUS» (Enhancing Cross-regional Cooperation in Erasmus Mundus) халықаралық семинары өтті.

Бұл туралы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметінен хабарлайды.

Оны Венгрияның «Campus Hungary» және «Сечени жаңа жоспары» атты үкіметтік бағдарламаларының белсенді қолдауымен «Эрасмус Мундус» ұлттық құрылымдарының консорциумы - Венгрияның білім министрлігінің басқаруындағы Темпус қоғамдық қоры, Австрияның білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық агенттігі, Словакияның халықаралық академиялық ынтымақтастық қауымдастығы ұйымдастырды.

«Форумның негізгі мақсаты Еуропа Комиссиясының қолданыстағы тиімді жобалық құралдары аясында Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Батыс Балқан аймағындағы елдердің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайту және тығыз серіктес байланыстарды орнату мүмкіндігін ұсыну болып табылады», - деді форумның ашылу салтанатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.Бүркітбаев.

«Білім беру, аудиовизуалды құралдар мен мәдениет бойынша атқарушы агенттіктің - EACEA-ның (Брюссель) бұл іс шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде өткізу туралы форум ұйымдастырушыларының ұсынысын қолдауы университеттің ЕО жобалары төңірегіндегі еуропалық серіктестермен көп жылдық сәтті қарым-қатынастарын мойындағанының белгісі деп тануға болады», - деп атап өтті Венгрияның Темпус қоғамдық қорының үйлестірушісі Габор Добос.

Ал Темпус бағдарламасының Қазақстандағы үйлестірушісі Ш. Тасболатова ҚазҰУ-дың қазақстандық жоғарғы оқу орындарының ішінде Темпус бағдарламасын жүзеге асыруда көшбасшы екенін атап өтті. Университет бірнеше рет еуропалық үйлестірушілер мен жобаға қатысушы отандық серіктес университеттер арасында дәнекер ретінде Эрасмус Мундус жобаларының ұлттық үйлестірушісі қызмет атқарып келген. Қазіргі сәтте университет екі Эрасмус Мундус жобасының қосымша үйлестірушісі болып табылады. Бұл мақсаттық өзара ықпалдасу университетке Болон үрдісіне толығымен бейімделуге және де университеттің академиялық саясатын еуропалық стандарттарға барынша сәйкестендіруге ықпал етпек.

Форумда аймақтар арасындағы бірлескен оқу бағдарламалары мен академиялық мобильділікті өркендету мақсатында арнайы ECCE MUNDUS тренинг-семинары ұйымдастырылды. Мұнда Еуропалық Комиссияның қаржыландыруымен жүзеге асырылатын Эрасмус Мундус және Темпус жобалары аясындағы бірлескен оқу бағдарламалары мен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырудың ең көрнекті мысалдары келтірілді.

«ЕССЕ MUNDUS»-тың осындай семинарлары әр жылдары Будапешт (2012 ж.), Вена (2012 ж.) және Братиславада (2013 ж.) өткізілгенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар аталған іс-шара барысында келіссөздерге арналған «market place» алаңы ұйымдастырылды. Бұл арнайы алаң қатысушы оқу орындарына өз университеттерін таныстырып, жаңа серіктестерді табуға мүмкіндік берді.