«2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының» тұсаукесері

9 қазан, 2009

19 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының» тұсаукесері өтті, оны 2009 жылғы 5 мамырда Мемлекет Басшысы мақұлдаған болатын. Ұлттық жоспар адам құқықтары жөніндегі халықаралық және ұлттық сарапшылардың оң бағасын алды және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының, Қазақстандағы Нидерланды Корольдігі Елшілігінің және Ұлыбританияның Қазақстандағы және Қырғызстандағы Елшілігінің техникалық жәрдемімен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеке таралыммен кітап ретінде басылып шықты.

Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспары Орталық Азия, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропа елдерінде тұңғыш рет әзірленіп отыр.

Тұсаукесер рәсіміне қатысқандарға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде Қазақстан тарихында алғаш рет адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының жасалуы Президент Нұрслтан Назарбаевтың елді демократяландыру жолындағы нақты ұстанымдары бар екендігін дәлеледейді. «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары - адам құқықтарын қорғау механизмін жетілдірудегі жаңаша қадам» деді.

Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарын көпшілік назарына жұмыс тобының жетекшісі Тастемір Әбішев, жұмыс тобының мүшелері Мәдина Жарбосынова, Виталий Воронов, Герман Нұрбаев таныстырды, олар тұсаукесер рәсіміне қатысушылар мен қонақтардың, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

«Сараптамалық, құқықтық және тәжірибелік сипаттағы мұндай құжат көп ақыл мен тоқтаусыз жұмыстың жемісі» деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов. Ол Ұлттық іс-қимыл жоспарын бірнеше аспектілеріне тоқталды. Заман талабына сай халықаралық сипаттағы құжат біріншіден, Қазақстанны ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету уақытының жақындау мерзіміне, екіншіден, адам құқытары жөніндегі ТМД елдері арасында алғаш қабылданғандығына негізделген.

Ұлттық жоспардың таныстырылымына Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақты Өкілі Хаолянь Шу мырза, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов келді.

Ұлттық жоспардың тұсаукесер рәсіміне мемлекеттік органдардың, еліміздің құқық қорғау ҮЕҰ-ның, Қазақстанда аккредитацияланған халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, адвокатура, нотариат, білім және ғылым ұйымдары, мәдениет, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ ҚазҰУ-дың оқытушылары мен студенттері қатысты.

Ұлттық жоспарда адам құқықтары жөніндегі ұлттық заңнаманың салыстырмалы талдауы, мемлекеттік органдар қызметінің бағасы, құқықтық саясатты, ұлттық заңнаманы және құқық қолдану практикасын Қазақстан ратификациялаған адам құқықтары саласындағы халықаралық пактілер мен конвенциялар нормаларына сәйкес одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен нақты іс-шаралар бар екені атап өтілген.

Ұлттық жоспар БҰҰ Даму Бағдарламасының тапсырысы бойынша Қазақстан әлеуметтанушылары Ассоциациясы жүргізген «Қазақстандағы адам құқықтары: қоғамдық пікір» атты арнайы әлеуметтанулық зерттеулер нәтижелеріне; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен басқа да құқық қорғау ҮЕҰ-дың құқық қорғау қызметіне негізделген. Онда Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының, Қазақстанда аккредитацияланған халықаралық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтері кеңінен тартылған. Адам құқықтары саласындағы қазақстандық Ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу кезінде осы сияқты жоспарларды дайындаудың әлемдік озық тәжірибесі ескерілді.

Ұлттық жоспар онда көзделген ұсынымдар мен іс-шараларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне, басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілген болатын.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі