«Инновациялық идеядан жүзеге асыруға...» атты VI Республикалық студенттік олимпиада өткізіледі

20 наурыз, 2014

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебінің «Менеджмент және маркетинг» кафедрасының ұйымдастыруымен 2014 жылдың 28 наурызында «Инновациялық идеядан жүзеге асыруға...» атты «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Менеджмент» және «Маркетинг» мамандықтары арасында VI Республикалық студенттік олимпиада өткізіледі.

Әлемдегі мемлекеттер, корпорациялар, адамдар арасында бәсекелестік күшейген қазіргі кезде, инновацияға негізделген экономиканы қалыптастыру және жүзеге асыра білу көптеген артықшылыққа қол жеткізеді. Елімізде осы бағытта басым жұмыстар атқарылуда. Студенттерді инновациялық тұрғыдан теориялық және практикалық бағытта бейімдеу олардың біліктілігін, танымын, жағдайды ғылыми тұрғыдан талдау қабілетін қалыптастырады және еңбек нарығындағы бәсекелестігін арттырады.

Республикалық студенттік олимпиада осы бағытта студенттердің нақты жобалармен жұмыс істеуін, бір-бірімен пікір алмасуын, өз ойын тиімді жеткізе алуын, мәселені креативті шеше білуін, өз деңгейлерін салыстырмалы бағалауын қалыптастыруға көмектеседі.

Республикалық студенттік олимпиадаға ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, DAMU Research, жобалық менеджерлер Одағы қолдау көрсетеді. Apple Kazakhstan, ТОО «UNIVERSAL START UP», Group Zodiak Poroduction, GSS Training компаниялары демеушілік қолын созуда. Барлық ұйымдастыру шараларының қолдаушысы ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың көмегімен жүргізіледі.

толық ақпарат үшін.docx