2-12 cәуір аралығында ҚазҰУ-да І Халықаралық Фараби оқулары өтеді
Халықаралық Фараби оқулары университетте алғаш рет еліміздегі ең ірі жоғары оқу орнының 80-жылдық мерейтойын тойлау аясында өткізіледі. Бұл дәстүр ғылым фестивалі форматында қайта жаңғыртылып, екі апта бойы жетекші отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар, сессиялар, дөңгелек үстелдер, авторлық семинарлар, байқаулар өтеді.
Фараби оқулары аясында әлем ғалымдарының әріптестігі мен заманауи диалогта жаңа платформа болатын «Әбу Насыр әл-Фараби: дәуір сұхбаттастығы» атты халықаралық форум ашылады. Іс-шараның басты мақсаты – жалпы ғылым дамуына жаңа шабыт беріп және көптеген зерттеу бағыттарында заманауи тұрғыдан ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасының негізін ұғыну болып табылады. Форумға қатысушылар ғылым мен білім берудегі бірігуді, рухани-адамгершілік және бүгінгі қоғамдағы интеллектуалды мәдениетті жақсартуды, аман-сау қоғам құрудағы Мәңгілік ел – ұлттық идеясы біріккен Қазақстан-2050 стратегиясындағы міндеттерді іске асыруды, өзекті мәселелерді талдайды.
Пленарлық отырысқа ақын және ҚР мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменов, ҚР ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов, мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, жазушы Роллан Сейсенбаев, ҚР БжҒМ ғылым комитеті ғылыми-зерттеу институттарының директорлары – Әбсаттар Дербісәлі және Зарема Шаукенова, танымал отандық және шетелдік ғалымдар – Әбдімәлік Нысанбаев, Ғарифолла Есім, Альберт Фишлер (Франция), Нұр Қирабаев (Ресей), Яшар Айдынлы (Түркия), Тян Куцаров (Германия) және басқалар қатысады.
Университет ректоры Ғ. Мұтанов ғылыми және мәдени қоғамға әл-Фараби ғылымындағы қайырымды қала туралы ілімі негізге алынып жасалған, «Аl-Farabi university smart city» инновациялық моделін ұсынады. Бұл жобаның мақсаты – жаңа технологиялардың бір-біріне оңтайлы әсер етуі негізінде және қоғам дамуына инновациялық ықпал ете отырып, рухани-адамгершілік құндылықтарды көрсету арқылы жаңа форматтағы университет жасау. Моделдің іске асуы университеттік маңызды міндеттің орындалуына мүмкіндік береді – азаматтық жаңа буын қалыптастыру, заманауи құнды жүйеде бағыт анықтау, өзіндік реттеуде және «адам-қоғам» өзін-өзі дамыту жүйесінде басты принциптерді бекітуге септігін тигізеді.
Қонақтар мен іс-шараға қатысушылар Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітапхана болып табылатын әл-Фараби университеттік ғылыми кітапханасы ғимаратында құрылған әл-Фараби мұражайының экспозициясымен танысады. Сонымен қатар, ұлы ойшылдың шығармалары топталған төрт томдықтың бірінші кітабының тұсаукесері өтеді. Бұл басылым «әл-Фараби» орталығы мен Халықаралық Абай клубының дайындауымен әл-Фарабидің туғанына 1145 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Форумда ғылым, білім беру, қоғамдық және халықаралық қызметтегі еңбегі үшін отандық және шетелдік ғалымдарға «әл-Фараби Алтын төсбелгісін» беру, ғылымның әр салалары бойынша «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» дипломымен марапаттау дәстүрінің негізі қалыптасады.
Фараби оқулары аясында «Жасыл көпір ұрпақтан ұрпаққа» халықаралық студенттік форумы, «Фараби әлемі» студенттік конференциясы, студенттік бизнес-инкубаторлармен өзге де инновациялық жобалар байқауы өтеді
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі