ҚазҰУ-ға FISU Президенті Клод-Луи Гальен келді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университет ректоры Ғалым Мұтановтың халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) делегаттарымен және президенті Клод-Луи Гальенмен және бас хатшы Эрик Сайнтрондпен кездесуі өтті.
Кездесу XXVIII Әлемдік қысқы Универсиадаға нысандар дайындығы мониторингы халықаралық талаптарға сәйкес келуі аясында өтті. Қатысушылар Универсиаданы өткізудің маңыздылығын талқылап, оның студенттік спортты дамытуда және ұйымдастырудағы рөліне тоқталды, сонымен қатар, осындай үлкен ауқымдағы спорттық жарыстарға дайындық барысы айтылды.
«Алматыда өтетін алдағы Универсиада еріктілер есебінде қатысатын қазақстандық жастар үшін бірегей іс-шара болуы тиіс. Бұл іс-шараға Қазақстандағы ең ірі оқу орнының бірі ҚазҰУ-дың студенттері белсенділік танытады деп үміттенемін. 80 жылдық тарихы бар, спорттағы қалыптасқан дәстүрі мен жетістігімен даңқы шыққан оқу орнына зор үміт артамын», – деді Клод-Луи Гальен.
Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов қонақтарға университет туралы, спорттық саладағы табыс пен жетістіктерімен бөлісті. ҚазҰУ студенттері жоғары спорттық шеберлік көрсетіп және түрлі жарыстарда, халықаралық деңгейдегі жарыстарда да жетекші орындарды иеленуде. ҚазҰУ-дың ең басты жетістігінің бірі Лондонда өткен Олимпиада ойындарына 11 студенттің қатысуы. Олардың ішінде заң факультетінің студенті – ауыр атлетші Светлана Подобедова алтын медаль жеңіп алды. ҚазҰУ үшінші жыл қатарынан Қазақстан универсиадасының жеңімпазы болып келеді. ҚР 70 жоғары оқу орны арасында өткен VII жазғы универсиада қорытындысы бойынша ҚазҰУ құрама командасы универсиада тарихында рекорд орнатып, мүмкін 15 орыннан 15 бірінші орынды иемденіп, бірінші орын алды.
Бұл жиынға сондай-ақ, ҚР Ұлттық студенттік спорт федерациясының президенті К.Закирьянов, «Универсиада-2017» атқарушы дирекциясы» қорының директоры И.Уразаков, Алматы қаласы ЖОО өкілдері және проректорлары қатысты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі