ҚазҰУ магистранттары Лотарингия университетінің түлегі дипломын иеленді
Қос диплом бағдарламасы бойынша білім алған магистранттарға кешегі Ғылыми кеңесте француздық ЖОО президенті Пьер Мюценарт салтанатты түрде диплом табыстады. Ол қос диплом бағдарламасы түлектеріне диплом табыстауға арнайы келген алғашқы университет басшысы болып отыр.
Стратегиялық әріптестік аясында ҚазҰУ-ға президент П. Мюценарт бастаған Лотарингии университетінің делегациясы келгенін атап өтуге тиіспіз. Мәжілісте ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов қонақтарды таныстырып өтті. Олар: Халықаралық және әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынас бойынша вице-президент Карл Томбр, Халықаралық және әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынас бойынша вице-президенттің арнайы кеңесшісі, «Геоэнергетика» Франция-Қазақстан орталығының директоры Михаил Панфилов, IRENEE зертханасы директорының орынбасары, заң факультеті деканының көмекшісі Пьер Тифин, электр және механика мектебінің индустриалды қарым-қатынастар директорының орынбасары; Лотарингия университетіндегі қайта жаңғыртылатын энергияның зерттеу тобына жауапты Мелика Инаж, әкімшілік-қаржы басқармасы және «Лотарингия-Қазақстан университеті» жобасының жетекшісі Лариса Алле, Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Патрик Ренар, мәдениет және ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңесші Йоанн Юрес, университеттік ынтымақтастық бойынша атташе Северин Ван Гастель, «Геоэнергетика» орталығының директоры Пегги Скремин.
«Бұл кездесу екі оқу орны арасындағы жоғары деңгейлі әрі жемісті әріптестікті дәлелдеп отыр. Ол Қазақстан мен Франция мемлекеттері арасындағы стратегиялық әріптестік рухына толықтай сай келеді. Лотарингии университеті – француздық ЖОО арасындағы ҚазҰУ-дың басты серіктестерінің бірі. Екі университет бірге жоғары білікті маман даярлау және инновациялық ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру үшін күш біріктірді», – деді ректор Ғалым Мұтанов.
Президент Пьер Мюценарт екі жақты әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. «Екі университет те өз елдерінің үздік оқу орны болып табылады. ҚазҰУ-дың халықаралық байланыс саласында атқарып отырған ауқымды жұмысы мені тәнті етті. Біздің жемісті әріптестігіміз нәтижелерінің бірі – қосдиплом бағдарламасы. Лотарингии университетіне басымдық бере отырып ҚазҰУ студенттері дұрыс таңдау жасады. Олар өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарын әлемнің үздік зертханаларында жүргізуге мүмкіндік алды. Біздің сапарымыз ҚазҰУ-дың 80 жас мерейтойлық жылында жүзеге асуымен де ерекшеленеді. Университет ұжымына алда да зор жетістіктер мен табыстар тілеймін!» – деді ол.
Өз кезегінде қос диплом иегерлері Қазақстан мен Франция оқытушы-профессорларына шексіз алғыстарын білдірді. Үздік ЖОО-лардан білім алып отырған олар ел игілігі, Отанымыздың өркендеуі үшін қызмет ететіндіктерін жеткізді.
Сонымен қатар мәжіліс барысында өзге де жарқын сәттер мен маңызды шаралар орын алып, күн тәртібіндегі маңызды мәселелер талқыланды.
Баспасөз қызметі